Отырып шығып ораламын

Бұзақылық жасағаны үшін он тәулікке қамалған Асқар Жұмабек жазасын өтеп шыққан соң түсірілім алаңындағы жұмысын жалғастырады
Ең өткір, аяқ асты орын алған сценарийлерді кейде өмірдің өзі-ақ жазады. Міне, Наурыз мейрамында актерлер арасында үлкен дауға ұласқан жағдай болды.

Блогосферада тараған жазбалар әп-сәтте барлық БАҚ-қа жайылды: қазақстандық актер Асқар Жұмабек әріптесі Айнұр Нарзиева алдында өзін өрескел ұстаған.
Оқиға 20 наурыз күні болды. Сол күні Асқар Жұмабек түсірілімге қатысуы керек еді. Хат алмасу барысында ол қыздан өзін оятуды өтінгесін Айнұр оның өтінішін орындап оятады. «Түсірілім таңғы 10:00-де басталуы керек болатын. Соның алдында Асқардан оны оятып жіберуімді сұраған хабарлама келді, себебі ол бұған дейін де түсірілімге бірнеше рет уақытында келмей, ұйықтап қалып, жоспарымызды бұзған».
Артист түсірілім алаңына 9:55-те келіп, өзін «тым ерте оятқанын» айтып, әріптесі Айнұр Нарзиеваға шүйліккен. Бұған жауап ретінде Айнұр Асқарға оның түсірілімге бірінші рет кешігіп жүргенін, бүкіл топтың оны күтуге мәжбүр болатынын ескерткен. Екі жақтың сөзге келуі артынша ушығып кеткен. Айнұр Нарзиеваның айтуынша, ашуға булыққан актер оған қол көтеруге әрекет жасаған. Қатты шошынған қыз осы оқиғадан кейін Threads-тағы парақшасында былай деп жазды: «Бүгін, 20.03.2026 күні актер-модель Асқар Жұмабек тарапынан маған физикалық шабуыл жасау әрекеті болды. Әлі де өз-өзіме келе алар емеспін, қолым дірілдеп, қорқынышым да басылар емес. Қасымда әріптесім, видеограф болмағанда, Асқардың балағат сөзі мен мені ұрмақ болғанынан аман құтылуым неғайбыл еді». Айнұр Нарзиева Асқар Жұмабектің бұған дейін де дөрекілік пен төзімсіздік танытқанын атап өтті: «Бұл адамда іскерлік әдеп деген мүлде жоқ. Оның ашушаңдығын, орынсыз реакцияларын, айқайын, есікті тарс жауып, боқтық сөз айтатынын командадағы кез келген адам растай алады. Мені қорғайтын ер азаматтар жағынан сүйенішім жоқ. Бұл мен үшін шынымен де өте қорқынышты, қорлық көрсеткен жайт болды. Бұған дейін өмірімде ешкім маған дәл осылай дауыс көтеріп, былай тұрсын, физикалық агрессия көрсеткен емес».

Қыз өзінің ар-намысын қорғауға ниетті екенін білдіріп, кәсіби ортадағы мұндай әрекеттерге көз жұма қарамауға шақырды.
Айнұр Нарзиева өзін қорғау үшін полиция департаментіне жүгінген. Басқарма мәліметінше, Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысы бар барлық адамды анықтаған: «Құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізілді. Азамат А. Жұмабекке қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Оның қызға қоқан-лоқы көрсетіп, былапыт сөйлегені, ашық агрессия мен құрметсіздік танытқаны анықталды».
Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен құқық бұзушы он тәулікке қамалды. Полиция департаментінде: «Агрессияның, айналадағыларға құрметсіздік танытудың және қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген көрінісіне заң аясында құқықтық баға беріледі», — деп атап өтті.
Қазақстандық актер Асқар Жұмабек бұған дейінгі резонанс тудырған қылмыстық ісіне байланысты дауға қалып таты шулы болған еді. 2022 жылдың желтоқсанында ол Алматыдағы караоке-барлардың бірінде болған жаппай төбелестің қатысушысы атанды. Бұл жанжал қоғамда үлкен резонанс туғызды. Өйткені төбелеске актер Жұмабектің қатысуымен қатар, оқиғаға ауқатты әрі ықпалды отбасылардан шыққан адамдардың да қатысы бары айтылды.
2023 жылдың қазанында Асқар Жұмабек бұзақылық және денсаулыққа зиян келтіруді қоса алғанда, бірнеше бап бойынша сот шешімі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған алты жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда 2024 жылдың соңында Асқар Жұмабек мерзімінен бұрын босап шықты, себебі жазаның өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылған.
Енді түсірілім тобының екі мүшесі арасында болған бұл жағдай Асқар Жұмабек қатысқан фильм өндірісіне қалай әсер етпек? Оқиға «Ағайындылар» (Бір өмір — екі тағдыр) криминал драмасының түсірілімі қызған шақта болған.

Kinomania.KZ бұл жайтқа байланысты пікір алу үшін «Ағайындылар» фильмінің продюсері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және телехикая продюсері Ануар Есіркеповке жүгінді:
«Әрине, командамыздағы актердің мұндай оғаш әрекетіне бәріміз де шок болып, өкініш сезініп, әбден көңіліміз қалды. Түсірілім тобының мүшелері Асқар Жұмабектің бұл қылығын сөкті. Біз осы түсіріп жатқан жобамыздың, фильмнің алдағы уақытта тағдыры не болмағын талқыладық. Тіпті таныстарымның арасында түсірілімді мүлде тоқтату керек деген ұсыныс айтқандар да болды, яғни бұл, олардың ойынша, әсіресе әйелге қатысты мұндай әрекетке мүлде төзбеушілігімізді көрсететін қатаң ұстаным болар еді. Бірақ осы сәтте фильм өндірісіне 63 миллион теңге жұмсалып қойды. Оқиға болған кезде түсірілім де аяқталуға жақын қалған еді. Жағдайымыз қиын».
Ануар Есіркепов Асқар Жұмабектің жоба аясындағы жұмысына баға бере отырып, актер жайлы былай деді: «Ол маған өте сабырлы, байыпты адам болып көрінді. Оның үстіне, өміріндегі ауыр сынақтардан өткеннен кейін түйген дұрыс ойлары көп екенін айтып жүрді. Осы жанжал туралы жаңалықты көргенде мен де таңғалдым».

Кадр из фильма «Ағайындылар»
Орын алған жағдайда продюсер мен түсірілім тобының мүшелері Жұмабекке қатысты оқиғаны талқылап, жобаны тұтастай қалай жалғастыру керегін ақылдасты. Ануар Есіркепов ортақ шешімге келу қажет екенін түсінгенін айтты: «Сөйтіп, түсірілімді жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Біз мұндай әрекетке көз жұмып қарамаймыз. Алайда дәл осы оқиға бойынша жасалған әрекеттің ауырлық дәрежесі айқындалып, құзырлы органдар тиісті шешім шығарып қойды. Түсірілім тобы бізді қолдап отыр, қалған үш ауысымды аяқтап түсіру үшін бәрі толық құрамда алаңға шығуға келісті. Тіпті тасымалға жауапты автобус жүргізушісі де қайта оралуға дайын».
Қазір түсірілім Асқар Жұмабек оралғанға дейін уақытша тоқтатылды. Ол он тәулікке қамалып, 30 наурыз күні кешке бостандыққа шығады.
Ануар Есіркепов: «Одан кейін дайындыққа тағы екі күндей уақыт қажет болады, содан соң фильмді соңына дейін түсіріп бітіруге болады» — деді.
Алайда бұл оқиға «Ағайындылар» фильмі үшін де ізсіз өткен жоқ. Сюжет бойынша Асқар Жұмабек сомдайтын басты кейіпкер әскерден оралады. Бірақ продюсер Ануар Есіркепов өмірдің өзі сценарийге түзету енгізгенін айтады: «Біз басты кейіпкер Ерланның оралуын әскерден емес, түрмеден келетін етіп өзгертуді ұйғардық, өйткені Асқар Жұмабек шынымен де жақында ғана бостандыққа шықты».
Фильмде Ерлан үйіне оралып, анасының жазылмас дертке шалдыққанын және отбасының қарызға батқанын біледі. Ағасы екеуі олигархты тонауды жоспарлайды, алайда жолында сатқындық пен сорлы махаббатқа тап болады. Асқар Жұмабек ойнайтын кейіпкер туралы бастапқы сипаттамада: «Ол соғыстан аман қалса да, бейбіт өмірде жеңілді», — делінген. Түсірілім тобы Асқар Жұмабекке фильмдегі жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беруді жөн көрген. Олар мұны алдағы өмір сынақтарында ол өз-өзімен күресте тағы да жеңіліп қалмаса екен деген үмітпен жасап отыр.

