Ұнатып, ұнатпайтындар жайлы: Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірова қандай фильмдерді ұнатып, ал қайсысын ұнатпайды?

Айтқаным жаттанды естілуі мүмкін, бірақ мен үшін кинодағы биік өлшем әлі де кеңестік фильмдер – «Ирония судьбы», «Гараж»… Бәлкім, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін өзіме уақыт бөліп, адамша өмір сүруге мүмкіндігім болғандықтан шығар. Ал кейін жұмыстың көбейгені сонша, адам болудан қалып, тек міндет атқаратын жанға айналдым (күледі). Қазір де кино көруге уақыт жетпейді. Ерте жатып, ерте тұруға үйренгенмін. Кейде ұшақта бірдеңе көріп үлгеремін, бірақ оның өзін соңына дейін бітіре алмаймын, ұйқым келіп кетеді. Үйге барған соң міндетті түрде аяқтап көремін деп өзіме уәде беремін де, сол уәдемді орындамаймын.
Дегенмен көргенімнің бәрі ұмыт қалды деуге болмайды. Арнольд Шварценеггер ойнаған «Вспомнить всё» мен «Терминаторды» бірнеше рет қайта көрдім. Ұнады. Кейінгі туындылардан Михаил Локшиннің «Мастер мен Маргарита» фильмі әсер қалдырды. Онда Воланд рөлін Аугуст Диль сомдайды. Бірақ, шынымды айтсам, Бортконың ресейлік телехикаясын көбірек ұнатамын. Булгаковтың романына деген ықыласым ерекше ғой, сондықтан оны қайта-қайта көруге дайынмын.
Ара-тұра HBO мен Netflix телехикаяларын да жүктеп аламын. «Родина» мен «Клан Сопраноны» соңына дейін көріп шықтым. Бірақ көріп болған соң: «Бұған сонша уақыт жұмсаудың қажеті болды ма?» деген ой келді. Айналысатын шексіз әлемім болған музыка деген ісім бар ғой…
Ал музыкант ретінде, әрине, фильмдегі саундректерге үнемі назар аударамын. Кейбір фильмдерді дәл сол музыкасы үшін жақсы көремін. «Генералы песчаных карьеров», Дзеффиреллидің «Ромео мен Джульеттасы»… Және, әрине, данышпан Тарковскийдің «Солярисі»! Бұл туындыны көруге кинотеатрға 15 шақты рет барып, Бах музыкасының фильм атмосферасымен үйлесім тапқаны мені қайран қалдырды.
Ал ұнатпайтын, «жек көретін» фильмдерге келсек… Нақты біреуін атап айту қиын. Фильм ұнамаса, оны жай ғана көрмей қоямын. Осы орайда «Хәрри Поттерді» атауға болатын шығар, себебі Жоан Роулиңнің түпнұсқа романдарымен салыстырғанда, фильмдері әлдеқайда әлсіздеу.
