«Жас Шерлок» сериалы: «Джентльмендерден» «Индиана Джонсқа» дейін

Наурыз айының қызу талқыланған хикая тұсаукесерлерінің бірі – Гай Ричидің «Жас Шерлок» туындысы. Культке айналған детектив кейіпкері экрандағы жаңа бейнесіне ие болды, оның үстіне Ричи бұл кейіпкерге алғаш рет оралып отырған жоқ – 2010 жылдары басты рөлді Роберт Дауни-кіші сомдаған екі фильм бірден еске түседі. «Жас Шерлок» кем дегенде бір нәрсені анық дәлелдейді, бұл – Англияны кез келген дәуірде, кез келген жанрда Гай Ричиден артық әсерлі етіп бейнелей алатын адам табыла қоюы екіталай. Бірақ қалған тұстарында мәселелер бар.

Қазір 1980-жылдардың ортасындағы, сондай-ақ менің балалық шағыммен байланысты айрықша фильмдердің бірі, Барри Левинсонның өзі түсірген («Жаңбыр адамы», «Итті бұлғаған құйрық»), ал сценарийін «Үйде жалғыз қалғанда» мен «Гарри Поттердің» алғашқы бөлімдерін жазған Крис Коламбус жазған «Жас Шерлок Холмс» жайлы көп адам еске ала бермейді. Дәл осы фильмнің арқасында Квентин Тарантиноның «Атақсыз шаталарындағы» полковник Ганс Ланда өзіне сол бір өзгеше түтікті иеленді – Левинсон фильмінде дәл сондай түтікті Холмс тартатын.
Шерлоктың өміріне сэр Артур Конан Дойл шығармаларында көрінбей тұрып-ақ үңілу идеясының өзі қызықты да жаңашыл көрінетін. Бәлкім, 2010-жылдары «Жас Шерлок Холмс» деген ортақ атаумен сегіз роман жазған Эндрю Лэйн де осы ойдан шабыт алған болар. Amazon Prime Video ұсынған жаңа хикая дәл сол кітаптар желісіне негізделген.
Болашақ ұлы детективпен… түрмеде танысамыз, ол заң бұзғаны және сотпен ақыл тайталасына түскені үшін қамалған. Ағасы Майкрофт Шерлокты Лондонның тар қапасынан шығарып алып, Оксфордқа аттандырмақ болады. Бірақ Холмс-кіші ойлағандай студент ретінде емес, жұмсайтын қызметшісі ретінде. Жол жөнекей ағасы мен інісі әпкелері қайтыс болғаннан кейін аналары Корделия тұрып жатқан психикалық дертке шалдыққандарға арналған клиникаға соғады. Ал әкелері Силас сол уақытта әлдеқашан құрлықтың бір түкпірінде өмір сүруде. Корделия Холмстың кенже ұлынан сұрайтыны бір-ақ нәрсе – бәлеге қалмау. Әрине, Шерлок сол сәтте-ақ жаңа досы Джеймс Мориартидің ықпалымен де, тікелей араласуымен де сол бәлеге бірден килігеді.
Көріп отырғандарыңыздай, Холмс туралы классикалық шығармалардағы басты кейіпкерлер өз орындарында: жаңа сериалда Шерлоктың өзінен бөлек Майкрофт, Мориарти, Лестрейд те белсенді әрекетке көшеді. Кейіпкерлердің ішінде, мысалы Майкрофт, өзіміз бұрыннан білетін «түпнұсқа» бейнесіне көбірек ұқсайды. Ал енді Лестрейд бейнесі енді жолға шыққалы тұрғандай оның кейіпкерін бақылау тіпті қызық, өйткені мұнда ол – әйелінен именетін, көп бала-шағасы бар отбасылық өмірге онша дайын емес, қарапайым провинциялық констебль.
Бұл туындыда Джон Уотсон ғана жетіспейді, ал оның міндетін күтпеген жерден… Мориарти өз мойнына алады. Жалпы, ол – осы хикаядағы ең сәтті шыққан кейіпкер. Хикаяда Джеймстің Шерлок Холмстың көлеңкесінде қалып қоятыны туралы сөздер қайта-қайта айтылатын, бірақ сөздің шыны керек, әсіресе алғашқы төрт-бес эпизодта, өзгелердің бәрін көлеңкеде қалдыратын – дәл Мориартидің өзі. Біріншіден, беделді Оксфорд колледжіндегі ашкенази еврейінен күрделі, жарқын, драмалық тұлға жасаған сценаристерге лайықты бағасын беру керек. Екіншіден, бұл рөлді сомдаған Доналд Финнді де атап өткен жөн: бұған дейін оның есте қаларлық жұмыстарының ішіндегі ең белгілісі «Таңғажайып мақұлықтар: Дамблдор құпиялары» фильміндегі шағын рөл ғана болатын.

Бір қызығы, шын мәнінде Финннің экрандағы басты серігі – Шерлоктың өзін ойнаған Хиро Файнс-Тиффиннің мансабы да сол поттерианада басталған. Мүмкін, «Хәрри Поттер және Шалақан ханзада» фильміндегі болашақ Волан-де-Морт – Том Реддл сіздің есіңізде болар (әсіресе бұл фильмді әдеттегідей Жаңа жыл сайын қайта көретін болсаңыз). Бұл – Рэйф пен Джозеф Файнстардың жиені Хироның ең алғашқы рөлі еді. Біреуі поттериананың басым бөлігінде Волан-де-Мортты ойнап, ал екіншісі – Силас Холмстың бейнесін сомдағаны неткен ирония еді. Әрине, мұны ирония емес, актерлік непотизмнің тағы бір көрінісі деуге де болады. Оның үстіне Майкрофттың жүзі де сізге таныс көрінуі мүмкін, себебі Шерлоктың ағасын Джереми Айронстың ұлы Макс Айронс ойнайды.
Енді отбасылық байланыстар мен кинодағы осындай астарлы сабақтастықтарды бір сәтке ысырып қойып, хикаяның өзіне оралайық. Алғашқы екі эпизодты Гай Ричидің өзі түсірген, келесі үшеуін «Перси Джексон және Олимпиялықтар» мен «Соғыс көсемі» хикаялары де жұмыс істеген Андерс Энгстрём қойған. Қалған үш эпизод Денни Гордон мен Тришия Брокқа тиген – бұлар да қоржынында «Кеңсе», «Голиаф», «Форс-мажорлар» (Гордон), «Жүретін өліктер», «Бриджертондар», «Мыстангер» (Брок) секілді әйгілі жобалардағы эпизодтары бар тәжірибелі режиссерлер. Бірақ бәрібір ер режиссерлер «ең дәмдісін» өздеріне қалдырып, әйел режиссерлерге кейінгі бөліктерді ұстата салғандай әсер қалады.

Бірінші маусымның алғашқы төрт бөлімі (финалын ескерсек, екінші маусым болады деп сенімді түрде айтуға болатын сияқты) ертегідей әсер қалдырады. Мұнда бәрі бар: таныс кейіпкерлер, Гай Ричиге тән қарқын, көзге де, құлаққа да жағымды анахронизмдер, юмор, детективтік желі, ағылшын рухы – төрт сағаттың қалай зулап өткенін аңғармай қаласыз. Бесінші эпизодта оқиға психология мен саспенс араласқан драмаға ойысса да хикая деңгейін түсірмейді.
Ал соңғы үш бөлімге тоқталсақ, оқиға Англиядан әуелі Францияға, кейін Түркияға ауысқан соң, хикая өз бетінше бөлек өмір сүріп кеткендей көрінеді. Бұлар Шерлок Холмс жайлы хикаядан гөрі Индиана Джонс туралы фильмдерге көбірек ұқсайды. Мұнда жұмбақ ештеңе жоқ, тек интригалар, қуу көріністері және артефактіні қолға түсіруге деген ұмтылыс қана бар. Осы үш бөлім алдыңғыларына анық жол беріп, жалпы жобаның деңгейін төмендетіп жібереді. Бәрі соншалық айқын берілгендіктен, тіпті қынжыласың.

Бұл үйлесімсіздік тіпті дыбыстық аспекттен де байқалады. Алғашқы эпизодтарда 2000-жылдардағы рок-композициялардан, ирланд халық әуендерінен және жоба үшін арнайы жазылған тректерден құралған алуан түрлі саундтрек естіліп (тіпті басты ән ретінде Kasabian тобының Days Are Forgotten әні қойылған!), түрлі акценттер молынан қолданылған. Жалпы, «Жас Шерлокты» идеалда түпнұсқада, субтитрмен болса да көрген дұрыс. Хикаяда ағылшын тілі құлаққа майдай жағады: Мориарти ирланд акцентімен сөйлеп, кейде posh мәнеріне ауысады, ал Шерлок ағасын қағыту үшін cockney акцентіне салады. Олардың бәрін толық түсіну оңай емес, бірақ тыңдаудың өзі – бөлек бір ләззат.
