Ақырзаман экофарсы «Жағдай құрбаны»: жанартау мен махаббат жолында

Оценка автора: 6 из 10
Блокбастер атанған «Одиссея» мен «Өрмекші адам: Жаңа күн» жарыққа шыққалы екі апта өтіп, кинотеатрларда фестивальдік фильмдердің жолы ашылды. Өткен демалыстың өзінде прокатқа қатарынан осындай төрт фильм шықты. Солардың ішінде Ромен Гаврастың жаңа туындысы да бар.

«Жағдай құрбаны» былтыр Торонто халықаралық кинофестивалінде алғаш көрсетілді. Онда режиссерді сынағандар мақтағандардан көп болды. Негізі, айтылған сынның бәрі орынды. Бірақ алдымен Ромен Гаврас деген кім екеніне тоқталайық. Ол – ұлы грек режиссері, «Оскар» сыйлығының екі дүркін лауреаты, Канн мен Берлин кинофестивальдерінің бас жүлдегері Константинос Гаврас (немесе жай ғана Коста-Гаврас) пен продюсер Мишель Рэй-Гаврастың ұлы. Олардың балаларының барлығы да кино саласын таңдаған. Ал Ромен, көпшілік секілді, жарнама мен бейнебаяннан бастады, «Жағдай құрбаны» фильмінде айрықша көрінетін аталмыш байланыс оның музыка әлемімен берік байланысынан келген десе де болады. Эпизодтық рөлдердің бірін аса танымал британиялық әнші Charli XCX сомдаса, екінші планда швед рэпері Yung Lean жарқын көрінді, ал фильмнің музыкасын GENER8ION жазған. Бастапқы мәліметті білдік, енді сюжетке көшейік.

Грекиядағы арал, иесіз қалған шахта. Миллиардер Бен Бракен (көзімізге үйреншікті емес таз басты Венсан Кассель) дәл осы жерде қайырымдылық экокешін өткізіп, мұхит түбінен пайдалы қазба өндіретін жаңа компаниясын таныстырмақ. Әрине, мұның бәрі Жер-ананы сақтап қалу үшін-мыс. Кешке біраз әйгілі адамдар жиналып, араларында беделінен айырылған Голливуд жұлдызы Майк Тайлер (әдеттегідей сақалды Крис Эванс) және Бракеннің әйелі, Майкқа қызығатынын жасырмайтын Глория (Сальма Хайек) бар. Бірақ аяқ астынан шақырылмаған қонақтар да келеді, екі күннен кейін қуатты жанартау атқылауы Жерді жояды деп сенетін Джоан (Аня Тейлор-Джой) бастаған экотеррористер тобы. Жанартауды басу үшін олар Билікті, Махаббатты және Қаһарманды құрбандыққа шалу керек деп біледі.
«Жағдай құрбаны» (сюжет мәнмәтінін ескерсек, Sacrifice түпнұсқа атауының «Құрбандық шалу» деген аудармасы қисындырақ) бірден жуырда шыққан, ащы сатираға құрылған басқа туындыларды: Майк Майлодтың «Мәзір» (2022) фильмін (оған Аня Тейлор-Джойдың қатысуы да себеп) және Рубен Эстлундтың «Қайғы үшбұрышы» (2022) картинасын еске түсіреді. Мұндай салыстыру Ромен Гаврастың фильмінің пайдасына шешілмейді.
Алайда фильмін бастамасы адамды үміттендіреді. Крис Эванс сомдаған сәл оғаш, абдыраңқы, бұл дүниеден аздап алшақ (психикалық мәселелерден бе, әлде дәріден бе) кейіпкер, қисынсыз пафосқа толы гала-кеш, не істерін білмей жүрген террористер. Тым тура аллюзиялар мен метафораларға қарамастан, мұның бәрі қызық, тіпті күлкілі.

Оқиғаның осындай турашылдығы әрі қарай да сақталады. Бірақ енді одан жеңілдік пен юмор жоғалып, сатира тым асыра сілтеп жасалғандай әсер қалдырады. Бір сәтте Гаврас пен сценарийді бірге жазған Уилл Арберидің бәрінен бірдей мезі болғаны сезіледі: Джефф Безос секілді алпауыт магнаттардан да (Кассельдің кейіпкері әйтпесе неге таз болсын), пафос жұлдыздардан да, Грета Тунберг тәрізді экоактивистерден де (Джоан бейнесінен швед қызға пародияны байқамау қиын).
Кадрға Джон Малкович шыққанда (актерлер құрамына, әрине, сөз жоқ), фильмді құтқаратын үміт пайда болады. Бірақ, әттеген-ай, оның рөлін эпизодтық десек өтірік емес.

Дегенмен Ромен Гаврастың мінсіз визуал талғамын жоққа шығара алмайсың. Бейнебаян түсірген тәжірибесі анық сезіледі. Екінші жартысында болып жатқан жайттардың қисынсыздығы шектен шыға бастаса да, «Жағдай құрбаны» фильмін көру шынымен қызық, ең болмаса визуал жағынан. Исландия мен Грекиядағы локациялар, фильмге тықпалай салынған, толыққанды дерлік Charli XCX музыкалық бейнебаяны, «сусыннан» кейін Крис Эванс кейіпкерінің бастан кешетін еліктіргіш психоделиялық сапары, Аня Тейлор-Джойдың арбап алар сұлулығы және ақырында жарнамалық бейне стилінде түсірілген, тозақтан шыққандай Джейд Крооттың биі бар финалдық көрініс.
Гаврас көздің жауын алып, әдемі көрініспен арбай біледі. Бірақ бұл жолы пішін мазмұнды мүлде екінші қатарға ысырып тастаған.
