24-30 тамыздағы онлайн-тұсаукесерлер: «Бажа» қайта оралады, Хьюго Уивинг түскен екі сериал және Роберт Де Ниро ойнаған триллер

Тамыздың соңы көрерменге танымал қазақстандық сериалдың үшінші маусымын, Хьюго Уивинг («Матрица», «Сақиналар әміршісі») қатысқан тосын екі жобаны, Роберт Де Ниро түскен детектив фильмді және Тайвань, Үндістан мен Испанияның тұсаукесерлерін дайындап қойды.
Аптаның қазақстандық тұсаукесерлері
«Бажа 3»
28 тамыздан бастап TV+ платформасында
Еркебұлан Мырзабек, Марат Оралғазин және Шерхан Пірназар ойнайтын бажалар туралы комедиялық сериалдың үшінші маусымы. Олардың әйелдері рөлінде Фариза Ескермес, Жазира Еркін және Ұлбосын Шалқарова сомдайды.
Жоба танымал болғаны сонша тіпті үшінші маусымнан кейін авторлар күзде прокатқа шығатын толықметражды фильм де дайындады. Режиссері бұрынғыдай – Олжас Нұрбай («Алаяқтар»).
«Я/Мы – ИП»
24 тамыздан бастап Freedom TV+ платформасында
Белгілі КВН ойыншысы Данияр Жұмаділов ұсынған жеке кәсіпкердің өмірі туралы тосын сериал. Көрнекі стилі «Офисті» еске салады, барлық рөлді Жұмаділовтың өзі сомдаған, ал әр серия небәрі үш жарым минутқа созылады.
Басқа тұсаукесерлер
«Әуежай капелланы» (The Airport Chaplain)
26 тамыздан бастап SBS платформасында
Әуежай қызметкерлері бастығы мен капеллан арасындағы қақтығысқа араласып қалатын австралиялық сериал. Бұл рөлдерді өсіп келе жатқан жұлдыз Шабана Азиз («Питт ауруханасы») бен Хьюго Уивинг ойнайды. Продюсер Джуд Трой сериал идеясын шынайы оқиғадан кейін ойлап тапқан екен, әуежайға бара жатқанда таксиде заттарын ұмытып кетіп, оған жергілікті капеллан көмекке келген.
«Пастор әйелінің өлімі» (Death of the Pastor’s Wife)
26 тамыздан бастап Netflix платформасында
Саябақтан әйелдің денесі табылады. Полиция мұны өз-өзіне қол жұмсау деп санайды. Бірақ марқұмның туыстары оның күйеуі – жергілікті пастор Джон-Пол Миллерді айыптайды. Деректі жоба некені және отбасындағы толық бақылаудың табиғатын зерттейді. Осы іс бойынша шынайы сот процесі әлі жалғасып жатыр.
«Көңілдестік» (Dalliance)
27 тамыздан бастап Paramount+ платформасында
Көп жылдық отбасылық өмірден кейін кенет басқа әйелге ғашық болған үйлі-баранды ер адам туралы ересектер драмасы. Ол көп ойланбастан жаңа сүйіктісін үйіне әкеліп, әйелімен таныстырады. Басты рөлде Хьюго Уивинг, ал шоураннерлері – ағайынды Эдвардстар («Скинс»).
«Терезе артындағы сыбыр» (The Whisper Man)
28 тамыздан бастап Netflix платформасында
Жұлдызды актерлік құрамы бар шиеленісті детектив триллер: басты рөлдерде Адам Скотт, Роберт Де Ниро және Мишель Монахан. Оқиға кішкентай ұлы жоғалып кеткен жазушының төңірегінде өрбиді. Іздеуге бұрынғы детектив пен жергілікті тергеуші қосылып, көп ұзамай бұған дейін қолға түспеген қанішердің ізіне түседі.
«Өтірігім жайлы бар шындық» (Toda la verdad de mis mentiras)
28 тамыздан бастап Netflix платформасында
Достардың автосаяхатқа аттануы туралы испаниялық мелодрама. Жол бойында жастар араларындағы қарым-қатынасты талқылап, ескі өкпе-реніштерін ақтара бастайды. Режиссері – Мария Тагорес, басты рөлдерде Даниэль Ибаньес пен Ициар Манеро. Элизабет Бенавенттің аттас романының желісімен түсірілген.
«Магнит» (Chumbak)
28 тамыздан бастап Netflix платформасында
Іс жүзінде бір шаңырақ астында тұратын бес отбасы туралы үнді сериалы. Олар барлық мәселені бірге шешеді. Жобаға тәжірибелі телевизия мамандары Аатиш Кападиа мен Джамнадас Маджетиа жауапты. Тұрмыстық юмор мен дәстүрлі отбасылық комедия мол болады.
«Продюсер» (The Producer)
28 тамыздан бастап HBO Max платформасында
Тайвань поп-индустриясы туралы сериал. Бірге хит жасап, дыбыс жазу әлемінде аман қалуға тырысатын продюсер мен оның көмекшісі туралы хикая. Авторлар 2000 жылдардағы музыкалық дәуірдің шынайы атмосферасын уәде етеді.
