Turgaud атты көпқырлы тәмсіл: Қаратас азат бола ма?

Автордың берген бағасы: 10-нан 8
Германия астанасында өтетін 12-ші Сыншылар апталығы аясында – дәстүрлі түрде бүгін басталатын Берлин кинофестивалінің алдында өтетін іс-шарада – Әділхан Ержановтың жаңа туындысының әлемдік тұсаукесері өтті. «Turgaud» – «нағыз ержанов» үлгісіндегі фильм. Қазақстанның ең талантты режиссёрлерінің бірінің шығармаларынан күтуге болатын барлық сипаттарды табуға болады. Көпшілік үшін бұл – фильмнің айқын артықшылығы болары сөзсіз, алайда кейбір көрерменге керісінше әлсіз тұсы болып көрінуі де мүмкін.
Ержановтың кейінгі кезеңдегі фильмдеріне тән сипат бойынша, бұл жолы да туындының атауы бір сөзден тұратын, өзі-ақ көп нәрсені аңғартатын атау. Торғауыттар Шыңғыс хан дәуірінен бері биліктің жанында жүрген сақшы-оққағарлар саналған, уақыт өте олардың саны көбейіп, шеберлігі мен адалдығы билік жүйесінің басты тіректерінің біріне айналды.
«Turgaud» Қаратас ауылының қасіретті тағдыры туралы күймен басталады. Бұл Әділхан Ержанов фильмдерінде жиі кездесетін, негізгі арқауға айналған кейіпкердің мекені. Дегенмен мәтін үміт ишарасымен де қабаттаса береді: жергілікті «патша» Байлаттың билігінен құтылу туралы сөз айтылып, үміттің сыбыры ретінде дала үстіндегі таңның атуы көрсетіледі. Қаратасқа інісі Әмірдің кеңесімен Бек келеді, оның бар білетіні – қорғау, ал дәл осы қорған Байлатқа ауадай қажет еді. Қастандықтан аман қалған ол, келесісі де көп күттірмейтінін сезеді. Бек Қаратас ішінде болып жатқан әділетсіздік пен үрейдің барын байқаса да, оның міндеті – қандай жағдай болса да қызмет ету және қорғау.
Бір жыл бұрын Берлин халықаралық кинофестивалінің «Форум» бағдарламасы аясында Ержановтың «Кадет» фильмі көрсетілген еді, оның премьерасы 2024 жылдың күзінде Токиода өткен. Енді, міне, Берлинде режиссёрдің жаңа туындысы Critics’ Week бағдарламасында ұсынылып отыр. Көптеген отандық басылымдар бұл секцияны Берлиналенің «параллель бағдарламасы» ретінде атап жүр, алайда шын мәнінде оның фестивальдің негізгі құрылымына ресми қатысы жоқ.
Ержановқа тән тағы бір ерекшелік бұл – ең қызығы Қаратас туралы мұңды тарихтың келесі «беттерін» аша отырып, аллюзиялар, ишаралар мен метафоралардың қабаттарын оқуға тырысу. Әдеттегідей, бұл астарлар музыкадан да, әдебиеттен де, қолданылған бейнелеу шешімдерінен де, сондай-ақ сан алуан ұсақ детальдардан да көрініс табады.
Диас Байтубаевтың әсерлі гротесктік орындауындағы Байлат – билік әшкерелеген кезекті зұлым бейне: ол одан да көп билікті, оны сақтауды, оның шексіздігін көксейді. Полициялық қалқандармен қоршалған нөкерлерінің арасында жүріп, ол өз қарамағындағыларға сенуге болмайтынын жақсы түсінеді, себебі олар қорқақтау, қашып, сатып кетуі мүмкін, тіпті төңкеріс жасаулары да ғажап емес; сондықтан оған торғауыт қажет.
Алайда Қаратастың басты жау — тіпті Байлаттың өзі емес, еркектік, патриархалдық қоғам, Сондықтан протагонист пен антагонист рөлдері (дегенмен кімді қайсысына жатқызу – кем дегенде даулы мәселе) Бек пен Лиса арасында бөлінген: Лиса – Байлаттан Қаратас ауылын азат ету үшін жалданған, жанында баласы бар киллер. Бек пен Лисаның әрекет тұрғысынан ғана емес, идеологиялық деңгейде де қарсы тұруы байқалады. «Тоқсан бес пайыз жағдайда диктатордың орнын жаңа диктатор басады» — деп кейде оянатын ар-ұжданын жұбатып, өзінің адалдығы мен «аполитикалығын» ақтағандай болады ол. «Бірақ байқап көруге болады ғой», — дегендей жауап қатады Лиса; әрі сол басқа бес пайыздың мүмкіндігі бар екенін көрермен де іштей бірге ойлайды.
«Казахские страшные сказки» хикаясын шетке қоя тұрсақ, «Turgaud» фильмінде Ержанов соңғы жылдары бірге жұмыс істеуді ұнататын барлық дерлік актёрлерін бір картинаға жинаған: Берік Айтжанов, Қуантай Әбдімәди, Данияр Алшинов, Анна Старченко. Сондай-ақ мұнда «кэнсэл» болған Шәріп Серік те бар, оның экранға қайта оралуы, бәлкім, Ержанов фильмдері кассалық хиттер болған жағдайда, едәуір резонанс тудырар еді.
Алайда, меніңше, бұл жолы да басты «орындаушылар» – екінші қатардағы детальдар. Фильм бойы үзілмей жалғасатын күй желісі бірде анық естіліп, бірде Бектің шағын домбырада беретін ырғағы арқылы қолдау көреді. Қаратас кеңістігіндегі тұтынушылық өркениеттің іздері де көзге түседі: әлемдік брендтердің пакеттері мен қораптары, жан-жаққа қойылған «газпромдық» бөшкелер, олардың бірінің алдында Байлаттың тіпті оларға табынғандай көрінуі. Байлатты қолдауға арналған жыртылған плакаттар мен «ауызға түкіру» дәстүрі орындалатын митинг те бар. Қаратасқа сыйға берілгендей, бәлкім Аляскадан сыйға алған, қызыл бейсболка киіп ұшып келетін маңызды қонақ Дима да есте қалады: ол Байлаттың атын мүлдем есте сақтай алмайды (тіпті сақтағысы да келмейтіндей), оны қайта-қайта «Байтал» деп атайды.
Қараңғы әзіл, әдеттегідей Ержановқа тән, «Turgaud» фильмінде де жеткілікті. Сол сияқты кинематографиялық «дыр-думан» та мол. Фильмнің ортасындағы Айтжанов пен Алшинов қатысатын көрініс айқын серджиолеонелік реңкке ие. Байлаттың оқ өтпейтін әйнектің ар жағында тұрып жасаған «мінәжат» сахнасы да әсерлі, ол кез келген күнәні ынталы құлшылықпен «жуып шаюға» болады деп шын сенетіндей көрінеді. Финалда екінші «Терминаторға» жасалған тамаша ишара да бар (айтпақшы, оның әдейі түсірілгені де екіталай). Ұлы фильмнің эмоциялық шарықтау сәтінде Т-800 әділ атап өткендей, әлі бір чип қалған. Демек, оны да жою керек.
Бәлкім, бір күні Қаратас шынымен азат, әділ әрі жаңа болар. Бірақ мәселе сол сәтке дейін Әділхан Ержанов Қаратас туралы мұңды да метафораға толы тарихтың тағы қанша «бетін» таспаға түсіріп үлгеретіндігінде жатыр.








