ЛоготипЛоготипЛоготипЛоготип
  • Новости
    • Казахстан
    • Мир
  • Афиша
    • Кинопрокат
      • На этой неделе
      • Скоро
      • Киноархив
    • Платформы
      • Анонсы
    • ТВ
      • Кино и сериалы на ТВ-каналах
  • Рецензии
    • Фильмы
    • Сериалы
  • Подробности
    • Интервью
    • Мнения
    • Репортажи
    • Обзоры
  • Киноман
    • Любимые и ненавистные
  • Box Office
  • Смотри
    • Трейлеры
    • Кино
✕

Таратылу қаупі: ҰКҚМО жабылса, отандық кино қолдаусыз қала ма?

Опубликовано Галина Галкина 1 марта, 2026

Бауржан Шукеновтің пікірінше, ұйымның таратылуы халықаралық ынтымақтастыққа тұсау салуы мүмкін

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ өз қызметін тоқтатады. Оның атқарушы міндеттері «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ-ға беріледі. Осы құрылымның негізінде Креативті индустриялар қоры құрылмақ. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл шешіміне қатысты пікір алу үшін Kinomania.kz редакциясы әзірге ҰКҚМО сарапшылар кеңесінің төрағасы болып отырған Бауржан Шукеновке жүгінді.

Анықтама

Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (ҰКҚМО) 2019 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысынан кейін құрылды. Орталық кино жобаларын қолдауға бөлінетін мемлекеттік қаражатты бөлу үшін коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде құрылып, осы жылдар бойы кинематография саласындағы қаржылық қолдаудың бірыңғай операторы қызметін атқарып келді.

— ҰКҚМО-ны таратып, оның атқаратын міндеттерін «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ-ға беру Қазақстан кинематографиясын реформалаудағы дұрыс әрі тиімді қадам деп есептеуге бола ма?

— Айта кету керек, ҰКҚМО әлі таратылған жоқ. Қазіргі таңда тек активтерді «Қазақфильмнің» қарамағына беру туралы үкімет қаулысы бар. Сондықтан әзірге Орталық бұрынғыдай өз құзыреті аясында, өзіне жүктелген міндеттер көлемінде жұмысын жалғастырып отыр. Өйткені, ең алдымен, бұған дейін басталған жобалар әлі толық аяқталған жоқ. Биылғы питчингке құжат қабылдау процесі де басталып кетті. Бұдан бөлек, бірыңғай оператордың рөлі енді кімге берілетініне байланысты заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Немесе қаржы бөлу жөніндегі бірыңғай оператор мүлде болмай, барлық процес тікелей «Қазақфильм» арқылы жүзеге асуы да мүмкін. Сондықтан бұл – институционалдық тұрғыдан әлі толық шешілмеген мәселе. Әзірге бәрі бұрынғы тәртіппен жалғасып жатыр.

— Өткен питчингте мақұлданған және қазірдің өзінде өндіріс кезеңіне өткен жобалардың тағдыры не болмақ? ҰКҚМО таратылғаннан кейін бұл жобалар қаржыландырыла ма?

— Білуімше, іске қосылған, келісімшарттары жасалған және өткен жылғы питчингтен өткен жобалардың барлығы міндетті түрде қаржыландырылады. Бүгіннен бастап қаржыландыруға құжат қабылдаудың жаңа кезеңі басталып жатыр. Сондықтан бұл үдеріс әлі біраз уақытқа созылады. Ал тарату мәселесіне келсек, бұл бір жылдың ішінде аяқталатын шаруа емес, оған едәуір уақыт қажет.

— ҰКҚМО-ның жеті жыл ішіндегі жұмысы қандай нәтиже берді? Бір жағынан, бұл ұзақ мерзім емес сияқты көрінгенімен, осы аралықта отандық кино қарқынды дамығанын ескерсек, аз уақыт деуге де келмейді.

—Әрине, бұл нәтижелерді ҰКҚМО құрылғанға дейінгі кезеңмен салыстыруға да болады. Ол үшін «Қазақфильмнің» сайтындағы және Орталықтың ресми сайтындағы көрсеткіштерге назар аударса жеткілікті. Бұған дейін осы уақыт аралығында қанша фильм түсірілгені жөнінде жүйелі есеп жүргізілмеген. Дегенмен, есепке пандемия кезеңіндегі екі жылды да қосу керек, өйткені сол уақытта ұлттық фильмдер өндірісіне арналған бюджеттік қаржы бөлінбеді. Сондықтан пандемияның сол екі жылын шегерсек, Орталықтың нақты белсенді жұмысы бес жылға жуық уақытты қамтыды деуге болады. Осы кезең ішінде Орталықтың қолдауымен түсірілген фильмдер 300-ден астам фестивальге қатысты. Олардың қатарында Берлин, Варшава, Локарно, Сан-Себастьян, Шанхай және Токио сияқты беделді халықаралық кинофестивальдер бар. Аталмыш жоғары деңгейдегі алаңдарда мемлекет қолдауымен түсірілген картиналардың көрсетілуі бұл – үлкен жетістік. Ал соңғы уақытта прокатта миллиардтаған теңге жинайтын фильмдердің пайда болуы да кино нарығының біртіндеп теңдесіп, дамып келе жатқанын аңғартады.

— Қазақстан киносына профильдік жоғары оқу орындарының түлектері саналатын жас мамандар келіп жатыр. Оларды қолдауға арналған бағдарламалар ҰКҚМО-да бар ма?

— Дебютанттарды арнайы қолдау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Көптеген қысқаметражды фильмдер мен деректі туындылар қаржыландырылып келеді. Әлемдегі кез келген ел мұндай көлемде деректі киноны қаржыландыра алмайды. Сонымен қатар, соңғы екі жылда анимациялық кино бағытына да айрықша көңіл бөлініп жатыр, өйткені анимация бұл – кино өндірісіндегі ең көп еңбек пен ең үлкен қаржыны қажет ететін сала. Осы бағытта толықметражды анимациялық фильмдер де түсіріле бастады. Соның бірі – режиссер Тұрдыбек Майданның Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірген «Алтын адам» жобасы. Бұдан бөлек, былтыр басталған тағы екі ірі анимациялық жоба бар, олар биыл аяқталуы тиіс. Мұндай ауқымды жобаларды жекеменшік компаниялардың жүзеге асыруы оңай емес.

Анимация бұл – қомақты қаржыны ғана емес, ең алдымен осы салада жұмыс істейтін мамандардың шоғырлануын талап ететін ұлттық фильм өндірісінің аса күрделі бағыты. ҰКҚМО болмағанда анимацияны дәл осындай көлемде және осындай тәсілмен қолдау мүмкін болатынына күмәнім бар. Мұндай істі коммерциялық құрылымдар көтере алмайды. Өйткені толықметражды анимациялық фильм өндіру өте ұзақ процес, ал осындай жобамен айналысатын компанияны бір жыл, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде қолдай алатын жалғыз күш тек мемлекетте.

— Деректі киноны қаржыландыру туралы айтып өттіңіз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.

— Деректі кино — ҰКҚМО-ның негізгі бағыттарының бірі. Соңғы уақытта мемлекеттің қолдауымен көптеген деректі фильм түсірілді. Солардың арқасында біз халықаралық деңгейге шыға бастадық. Режиссер Алина Мұстафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі қазір прокатқа шығып жатыр. Ал режиссер Жанана Курмашева мен продюсер Бану Рамазанова түсірген «Атамекен» деректі фильмі халықаралық We Live Here («Мы здесь живём») атауымен фестивальдерде сәтті көрсетіліп жүр. Бұл — коммерциялық кино да, жекеменшік инвесторлар да оңайлықпен қолдай алмайтын бағыт. Себебі мұндай жобаларды жүзеге асыру қаржылық жағынан да, маман іріктеу тұрғысынан да аса күрделі жұмыс, сондай-ақ оларды халықаралық деңгейге алып шығу да оңай емес.

 —  Бүгінде прокат пен киноөндіріс арасындағы мүдде тепе-теңдігін сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Бұл бағытта ҰКҚМО қандай реттеуші рөл атқарды?

— Әңгіме ұлттық нарықты қорғау туралы. Негізінде бұл ҰКҚМО-ның алдағы маңызды міндеттерінің бірі болуы керек еді, прокат пен киноөндіріс арасындағы мүдде тепе-теңдігін қамтамасыз ету. ҰКҚМО ұлттық кино саласындағы прокат пен өндірісті реттейтін орталықтандырылған құрылымға айналуы тиіс болатын. Себебі жекеменшік кино желілері, негізінен, табыс табу мақсатында жұмыс істейтіні белгілі. Ал Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы дебюттік және авторлық бағыттағы фильмдерді жасап, қолдап келеді, демек бұл киноға жаңа есімдер мен жаңа лептің келуі деген сөз. ҰКҚМО-ның осындай фильмдерді ұлттық кино желілерінде ілгерілетуге нақты мүмкіндігі болды. Соның жарқын мысалы – Qaitadan фильмі. Оны қазақ киносына жаңадан келген жас компания түсірді. Осындай фильмдерді ілгерілету міндеті біздің Киноны қолдау орталығына жүктелген. Кинотеатрлар да ҰКҚМО-ның пікіріне әрдайым құлақ асып отырды.

Меніңше, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ең үлкен жетістіктерінің бірі бұл – авторлық киноға жүйелі түрде қолдау көрсетуі. Осы уақыт ішінде көптеген авторлық фильм түсіріліп, авторлық кино саласында еңбек етіп жүрген тұтас бір режиссерлер буыны қалыптасты. Соңғы туындылардың ішінде режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмін ерекше атауға болады. Қазір бұл туынды Еуропадағы бірнеше фестивальде, соның ішінде Везуль мен Нантта сәтті көрсетіліп жатыр. Фильм Франция прокатына шығып, бір айға жуық уақыттан бері француз кинотеатрларының экрандарынан түспей келеді. Қазақ киносы әлемдік кино алаңдарында барған сайын танылып келеді, менің ойымша, бұл – Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еңбегінің айқын нәтижесі.

— Аталмыш құрылымдар, қалай аталатынына қарамастан, өзге елдерде де бар. Олар қаржыландыруды ғана емес, тұтастай кинематографияны дамытуды үйлестіреді. ҰКҚМО да, сөзсіз, осы ұйымдардың ортақ тәжірибесін жинақтады. Ендеше, ҰКҚМО-ны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдануына не себеп болды?

— Айта кететін жайт, Еуропа елдеріндегі киноны қолдау орталықтары секілді институттар culture exception қағидатына сүйенеді. Бұл киноның жай ғана тауар емес, мәдени код пен ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі екенін білдіреді. ҰКҚМО-ның жұмысын тарату осы ерекше мәртебеден айырумен тең, яғни киноны қарапайым бизнес деңгейіне түсіру деген сөз. Ал Қазақстан жағдайында мұндай сала мемлекет қолдауынсыз батыс киносына, соның ішінде Голливудқа бәсекеде төтеп бере алмауы да мүмкін. 2025 жыл біз үшін маңызды белес болды: отандық кино америкалық фильмдермен бәсекеге түсе алатын деңгейге жетті, тіпті ұлттық киноға сатылған билет саны америкалық фильмдерден асып түсті. Бұл жетістікте Киноны қолдау орталығының да үлесі бар. Иә, табыстың 90 пайызы коммерциялық ұлттық киноның еншісінде шығар. Бірақ дәл осы кезеңде мемлекет қолдаған фильмдер де пайда болып, миллиардтық касса жинай бастады. Мұның өзі кино дамуына қосылған нақты үлес емес пе?

—  ҰКҚМО кино саласындағы саясатты қалыптастыруға қатыса ма?

— Арнайы сараптаманың болуы – біздің Киноны қолдау орталығының ең маңызды қырларының бірі. Мен өзім де Сараптама кеңесінің мүшесімін. Мәселе мынада: Еуропадағы осындай орталықтардың қай-қайсысында да кәсіби сараптама негізгі атқаратын міндеттерінің бірі болып саналады. Мысалы, Франциядағы Ұлттық кино және анимация орталығы (CNC) – ұлттық киноны қолдаудың ең ықпалды институттарының бірі. Біз де осы үлгіні ұстандық, бұл дегеніміз мемлекеттік қолдауға ұсынылатын жобаларды іріктеуді сарапшылар тобы жүзеге асырады. Дәл осындай тәуелсіз кәсіби органның болуы, яғни шешімді тек министрлік өкілдері не депутаттар ғана емес, кәсіби орта да қабылдауы – тек коммерциялық емес, көркемдік тұрғыдан маңызды жобаларды да қолдауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің 300-ден астам халықаралық фестивальге қатысқаны соның айқын дәлелі. Оның ішінде Берлин, Варшава, Шанхай секілді ең беделді кино байқаулары бар. Халықаралық алаңдарда мемлекет қолдауымен түсірілген салмақты отандық фильмдер өз орнын көрсете алды. Ал мұндай міндетті коммерциялық кино әрдайым атқара бермейді. Яғни бұл – елдің халықаралық деңгейде мәдени тұрғыдан танылуына жол ашатын процес.

— Қазақстандық бірлескен кино өндіру жобаларының саны айтарлықтай артты. Мұнда ҰКҚМО-ның үлесі бар ма?

— Бұл жерде қандай да бір үлес туралы емес, ҰКҚМО-ның атқаратын рөлі туралы айту керек. Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы халықаралық серіктестер үшін іс жүзінде негізгі кіру нүктесіне айналды. Мұндай жағдайда Орталықтың таратылуы, сөзсіз, еуропалық қорлармен қалыптасқан байланыстарға кері әсер етеді. Өйткені біз Францияның Ұлттық кино және анимация орталығымен (CNC) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған едік. Бұған қоса, былтыр Каннда Грузияның Ұлттық кинематография орталығымен және Еуропада дәл осындай мемлекеттік қолдау функциясын атқаратын тағы бірнеше ұйыммен де осындай меморандумдарға қол қойылды. Сондықтан ҰКҚМО таратылатын болса, бұл байланыстардың үзілу қаупі жоғары. Ал халықаралық әріптестіктің алғашқы нәтижелері енді ғана көріне бастаған еді. Мысалы, режиссер Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» атты дебюттік толықметражды фильмі — Қазақстан, Франция, Литва, Нидерланд және Швецияның бірлескен жобасы. Ол да мемлекет қолдауымен түсірілді. Фильм Локарно, Роттердам, Таллин секілді бірқатар фестивальде көрсетіліп, бірнеше марапатқа ие болды. Немесе қазір Франция прокатында көрсетіліп жатқан режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмін алайық. Бұл фильм көптеген фестивальде жүлделі орын алған салмақты авторлық кино. ҰКҚМО таратылғаннан кейін де осындай табысты процес сақтала ма? Бұған менің күмәнім бар.

 

👍 3 👎 0

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Последние публикации
  • Битва отечественных и зарубежных франшиз: что казахстанцы смотрели в кино в праздничные выходные?
  • Премьера «Mangyshlak express. Пойыздағы паника»: проводница, поезд и немного юмора
  • Канны-2026: сильная программа и много звёздных гостей
  • Кино как альтернатива картелю
  • Онлайн-премьеры 11-17 мая: Каратель, Даттоны и суперглупые герои от Netflix
  • Восемь из бесконечности
  • «Дьявол носит Prada 2» против всех: как казахстанцы ходили в кино в начале мая
  • Топ-9 самых сильных фильмов о Великой Отечественной войне
  • Премьера «Дьявол носит Prada 2»: без Эвелины, но с Лилией
  • Кинопремьеры 30 апреля – 6 мая: три казахстанских фильма vs «Дьявол носит Prada 2»

Любимые и ненавистные

Отдаю себе отчёт в том, что у Балабанова оба «Брата», «Груз 200», «Морфий» — это сочетание таланта и профессионализма высочайшей пробы, но мне не близки шедевры, замешанные на мизантропии. Не говоря уже о том, что оба «Брата», с моей точки зрения, талантливые фашистские картины. Помню, в начале нулевых, когда я жил в Москве, в России была очередная предвыборная президентская кампания, и в метро висели большие билборды. На одном из них был изображён портрет Бодрова-младшего со слоганом «Данила Багров — наш брат». Я тогда работал грузчиком и по вечерам ходил на занятия по английскому языку, а моим педагогом была пожилая, очень интеллигентная преподавательница. И вот она тогда сказала: «Если Данила — наш брат, то нашу страну в будущем ждут страшные испытания».

Азиз Бейшеналиев — актёр, режиссёр, сценарист, драматург.

Подробнее

Реклама

Тэги

Comic Con (1) KINOLUB (1) Neon (1) «MŪNAI» (2) «АНСАР» (1) Азиатское кино (29) Актрисы (4) Андрей Тарковский (1) Астана (1) Берлинале (4) Бэтмен (1) Венецианский кинофестиваль (7) Видео (2) Дайан Китон (1) Джеки Чан (1) Дженнифер Лопес (1) Документальное кино (3) Доспехи Бога (1) Жания Джуринская (1) Казахские страшные сказки (2) Казахстанское кино (184) Кастинг (2) Келинка Сабина (1) Киноляпы (1) Кинопрокат (60) Композиторы (1) Корейские сериалы (1) Лени Рифеншталь (1) Монтаж (3) Мэгги Джилленхол (1) Мюзиклы (2) Ребуты (1) Ридли Скотт (3) Рождественские фильмы (2) Саундтреки (1) Скорсезе (2) Супергерои (2) Сценарии (2) Трэш (1) Уэнсдей (1) Фестивали (35) Франшизы (1) Ханс Циммер (1) Эмма Стоун (1) Эмми (1)

Комментарии

  1. Ольга к «Совершенно летняя история»: 18+ для детей и влюблённых всех возрастовАпрель 23, 2026

    Третьего дня имела несчастье сходить на этот спектакль: "гениальная" режиссерская задумка осталась неразгаданной. Не поняла, почему из стройной Анастасии Тёмкиной…

  2. Тамара к Шесть фактов о втором сезоне сериала «Мошенники»Апрель 11, 2026

    Недавно посмотрела пару серий. Впечатления отвратительные - тупой и похабный контент! Постоянный мат, пошлость и сцены курения и ясно показали,…


Мы любим кино и рассказываем о нём честно, глубоко, с душой.

KinoMania — дань уважения кинематографу и всем причастным к его созданию. Мы гордимся тем, что делаем вклад в развитие кинокультуры в Казахстане и за его пределами.

© 2025 KinoMania. Все права защищены. Разработка — RazDva Studio
RU
KK