«Одиссея» тұсаукесері: Ноланның эпосы Қазақстан жағалауына «жүзіп жетті»

Ақыры Кристофер Ноланның «Одиссея» эпикалық блокбастері біздің прокатқа да жетті. Оның жылдың басты фильмі атануы әбден мүмкін.
Сурет: Нұржан Жаутенов
Заманауи киноның жетекші режиссерлерінің бірі түсірген көптен күткен фильм әлемдік прокатқа бір апта бұрын шығып, бірден сан түрлі рекорд орната отырып режиссердің мансабындағы ең сәтті басталымға айналды. Алғашқы аптада 264 млн доллар жинау ауыз толтырып айтарлықтай жайт, бәлкім жаңа картина «Оппенгеймер» мен «Қара сері» трилогиясы авторының тағы бір табысты туындысына айналатын сияқты.

Бір апта бойы әлем фильмді қызу талқылап жатқанда, қазақстандық көрермен отандық тұсаукесерді асыға күтті, ал бұған прокат алдындағы сараптаманың жаңа ережелеріне «рақмет» айту керек шығар. Енді әлемдік хиттердің көбін бір апта, бәлкім одан да ұзақ кешігіп көретін боламыз. Өкінішке қарай, отандық прокаттың қазіргі жағдайы осындай…
Жә, мұңды әңгімені қоя тұрайық. «Одиссеяның» Қазақстандағы тұсаукесері Halyk IMAX Aport Cinema East кинотеатрында, яғни еліміздегі ең үлкен залда өтті. Нолан фильмін арнайы өзі үшін әзірленген 65 миллиметрлік таспаға түсіретін IMAX 70mm камераларының жаңа буынымен түсірді. Бұл – тарихта осы форматта бастан-аяқ түсірілген тұңғыш көркем фильм. Сондықтан «Одиссеяны» көруге барсаңыз, дыбысы мейлінше сапалы үлкен экранды таңдаңыз.

Кеш қонақтарын фойеде диджей мен ежелгі грек киімін киген модельдер көңілдендірді. Ал көрсетілім басталар алдында сұсты жігіттер барлық қатысушылардың телефон камераларына жапсырмалар жабыстырып, зал ішінде бірдеңе түсіруге мүлде тыйым салды. Радикалды уақыт радикалды шараларды талап етеді.

Содан кейін үш сағат бойы Ежелгі Грекия әлеміне жетелейтін фильм басталды. Онда Одиссей сарбаздарымен бірге Троядан Итакадағы туған үйіне қайтар жолда сан түрлі мифтік жаратылысқа тап болады. Бұл – ешкімді бейжай қалдырмайтын шын мәнінде қуатты, ауқымды, монументалды көрініс. Сондықтан осындай фильмдерді көруге мүмкіндік барда кинотеатрға асығыңыз. Кім білсін, бәлкім, ертең бізді мұндай мүмкіндіктен де айырып қалар.



