Toxic — «Аурудан» кейінгі детокс пе?
Айторе Жолдаскали жаңа жобаны қолға алды
Жақында жарық көрген «Ауру» триллерінің режиссері Айторе Жолдаскали жаңа туындысын дайындап жатыр. Toxic суперқаһармандық телехикаясының тұсаукесері осы жылдың күзіне жоспарланған.

Сyрет: Forbes.kz
Сериалдың түсірілімі былтыр аяқталған. Басты кейіпкерлер – ерекше қабілеттерге ие жасөспірімдер. Айторенің айтуынша, елімізде жас көрерменге арналған сапалы ойын-сауық контенті өте аз. Сондықтан ол Freedom Media стримингтік платформасының көмегімен бұл істі өз қолына алуды ұйғарған.
Оқиға желісі блогер Фархаттың төңірегінде өрбиді. Ол улы газдан уланғаннан кейін ерекше қабілеттерге ие болады. Алайда бір мәселе бар: оның суперқабілеттері үнемі өзгеріп отырады. Бір күні ол телепорт жасай алса, келесі күні уақытты кері айналдырады, ал үшінші күні кез келген адамның кейпіне ене алады. Алғашында Фархат бұл мүмкіндігін әлеуметтік желідегі парақшаларын дамытып, жұлдыз болу үшін пайдаланады. Бірақ көп ұзамай ұлы күшпен бірге ұлы жауапкершілік те келетінін түсінеді…
«Біз қандай да бір техникалық жетістіктерімізбен ерекшеленбейміз. Дегенмен бұл жобаға менталитетімізді, күнделікті тұрмысымызды және бойымыздағы қазақы болмысты барынша енгізуге тырыстық. Marvel мен DC туындыларын көріп өскен адамдарға да бұл сериал ұнайды деп ойлаймын. Олар: «О, біз де осындай дүние жасай алады екенбіз ғой», — дейтін болады», — дейді Freedom Media-ның креативті продюсері Сергей Литовченко.
Хикаядағы басты рөлді танымал блогер Алмаз Мержакыпов сомдады. Ол кино әлеміне де Айторенің арқасында келген. 2022 жылы Алмаз Жолдаскалидің дебюттік фильмі – Shulamah-та рэпердің рөлін ойнаған. Бұл рөлге дайындалу барысында Алмаз, әрине, бүкіл әлемге танымал суперқаһарман – Өрмекші адамнан шабыт алған.

Екінші планда – Аида Курмангалиева. Ол да режиссермен «Ауру» триллерінде бірге жұмыс істеген. Осы рөлі үшін жақында «Сыншылар таңдауы» жүлдесінде «Екінші пландағы үздік әйел адам рөлі» номинациясын жеңіп алды.

Сондай-ақ хикаяда Бекайдар Калыpкей («Ұшқын»), Аделина Ералиева («Ғашықтың сағаты»), Нұрай Жеткерген («Дәстүр») және Азамат Сатыбалды түскен. Азамат Сатыбалды – «Бақыт құшағында» фильміндегі рөлі үшін «Сыншылар таңдауы 2026» жүлдесінде «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» санатын иеленген тағы бір жеңімпаз. Тизерге қарасақ, ол бұл туындының басты антагонисі болмақ.
Айторе телехикая индустриясында өз орнын тапқан режиссер. Ол 2020 жылы бірден суперхитке айналған Sheker жобасымен дебют жасады. Кейін оның екінші маусымы мен толықметражды фильмі жарық көрді. Одан кейін көпшілік назарынан тыс қалған екі туындысы – «Октагон» хикаясы мен Shulamah фильмі шықты. Алайда былтырғы «Ауру» фильмінің табысы Жолдаскалиді қайтадан қазақстандық киноның үздіктері қатарына қосты: триллер прокаттан бір миллиард теңге жинап, жуырда өткен «Сыншылар таңдау» жүлдесінде алты марапатқа ие болды.
