Toxic тұсаукесері: Қазақстанға керек суперқаһарман белгілі болды!
Кино жұлдыздары әділдікті жақтап, жемқорлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы шықты
Осы кеште «Арман» киноорталығында ине шаншар орын болмады, себебі жұрт режиссер Айтөре Жолдасқалидың (Sheker, «Ауру») үміттендірген жаңа телехикаясының алғашқы бөлімдерін көргісі келді. Ұйымдастырушылар көрермен қызығушылығын ескеріп, кинотеатрдың төрт залын да жалдады, сондықтан бәріне орын жетті.

Белгілі қонақтар да көп болды. Біз олардан бүгінгі Қазақстанға қандай суперқаһарман қажет екенін сұрадық.
«Әрине, ойға бірден жемқорлықпен күресетін суперқаһарман келеді. Бірақ меніңше, адамдарды бақытты етіп, бәріне жақсы көңіл күй сыйлайтын қаһарман керек», — деп жауап берді Toxic режиссері Айтөре Жолдасқали.
Танымал инфлюенсер, қазіргі жастардың «гринфлагы» Алмаз Мержақыпов телехикаяда блогерлікке енді қадам басқан Фараны сомдайды. Иесіз қалған зертханаға барған соң Фара ерекше қабілетке ие болады. Кейіпкер өз қабілетінің қандай жауапкершілік жүктейтінін бірден түсінбейді де, алғашқыда оны тек YouTube арнасын танымал етуге пайдаланады.

«Жемқорларды ұстайтын көзге көрінбейтін адам керек», — деді ол.
Осы пікірді белгілі актриса Дина Тасбулатова мен танымал блогер Сабина Исманова да қолдады
Телехикаяға отандық киноның жаңа жұлдыздары – Аида Құрманғалиева («Ауру»), Нұрай Жеткерген («Дәстүр») және Аделина Ералиева («Ғашықпын саған») да түскен. Ералиева Қазақстанға әйелдерді қорғайтын суперқаһарман керек десе, Құрманғалиева әділдікті қалпына келтіретін қаһарманды қалар еді.
Телехикаяның алғашқы екі бөлімі Freedom Media стриминг платформасында қолжетімді.




Сурет пен бейне: Станислав Климанов (KinoMania)
