Кино – картельдің баламасы ретінде

Үшінші «Альтернатива» фестивалі атышулы колумбиялық Медельин қаласында өтті. Бұл жолы фестиваль үш өңірді – Орталық Азияны, Азияны және Латын Америкасын қамтыды. Неліктен дәл осы ретпен атап отырмын? Өйткені алғашқы «Альтернатива» 2023 жылы Алматыда өтіп, кинематографистер арасында үлкен резонанс тудырған еді. Көпшілік жабылу салтанатында Санжар Мәди сахнаға басын төмен қаратып, арқанмен түсірілгенін, кейін аударылып, жүргізушіге айналғанын әлі есінде сақтаған болар.
«Альтернатива» – InDrive компаниясы бастамашы болған киножоба. Компанияны Арсен Томский басқарады. Жоба әлеуметтік маңызы бар киноны қолдауға бағытталған. Бастапқыда олар қарқынды дамып келе жатқан саха киносына қаржы құя бастады, өйткені Арсеннің өзі – саха халқының өкілі. Алайда 2022 жылы InDrive компаниясының бас кеңсесі Алматыға көшіп келді. Дәл сол кезде фестиваль өткізу бастамасы пайда болды.

Бәрі неден басталды
Шынында да, 2023 жылы «Альтернатива» бүкіл Орталық Азия өңірін дүр сілкіндірді. Өйткені бұл жай ғана кинофестиваль емес, жас кинематографистерге арналған шеберлік сабақтарының тұтас сериясы, питчингтер, іскерлік алаңдар және, әрине, жүлде тапсыру рәсімін тағатсыздана күту еді. Себебі жеңімпаздардың әрқайсысы 20 мың доллардан алды, атап айтқанда:
– Екатерина Суворова «Qoryqpa» деректі фильмі үшін – Alter сыйлығын,
– Асхат Кучинчиреков «Бауырына салу» фильмі үшін – Future Voice сыйлығын,
– Қырғызстаннан Мирлан Абдыкалыков «Похищение невесты» фильмі үшін – Spotlight сыйлығын,
– Айсұлтан Сейітов «Қаш» фильмі үшін – Resonance сыйлығын,
– Өзбекстаннан Шокир Холиков «Воскресенье» фильмі үшін және Асқар Ұзабаев «Бақыт» фильмі үшін «Арнайы атап өту» дипломын иеленді.
Мен алғашқы «Альтернатива» жүлдегерлерін бекер еске алып отырған жоқпын. Бұл арқылы фестивальдің мақсаты мен міндетін – әлеуметтік маңызы бар киноны қолдау екенін атап өткім келді!
Екінші фестиваль 2024 жылы Индонезияның Джокьякарта қаласында өтті. Ол жолы басты назар Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне аударылды. Біздің өңірден байқау бағдарламасына Айжан Қасымбектің «Мадина» және Қырғызстаннан Далмира Тілекбергеннің «Белек» фильмдері қатысты. Жүлдені Вьетнам, Малайзия, Үндістан және Таиланд картиналары жеңіп алды. Бұл біздің фильмдер әлсіз болды деген сөз емес, жай ғана басқа таспалардың тақырыптық өткірлігі басымырақ болды.
Міне, үшінші «Альтернатива» Латын Америкасында өтті. Осылайша тағы бір алып құрлық өзінің жарқын да өзіндік кинематографымен фестиваль аясында таныстырылды. Фестиваль InDrive такси және тасымалдау сервисі инфрақұрылымының өсуімен қатар дамып келеді. Компания жаңа географиялық аумақтарды игеріп жатыр, ал кинофестиваль де осы кеңеюдің ізімен алға жылжуда.
Бірақ фестивальдің өзі туралы айтпас бұрын, өзіндік ерекшелігі мол – Медельин мекеніне аздап тоқталғым келеді.
Имиджін өзгертіп жатқан қала
Шынымды айтсам, фестивальді өткізу үшін неліктен дәл Медельин таңдалғанын бірден түсіне алмадым. Латын Америкасы туралы айтқанда, оны Аргентинадағы өңірдің ең ірі кинофестивалі өтетін Мар-дель-Платада немесе киноның ең көне индустриялық орталығы саналатын Мексикадағы Гвадалахарада өткізу қисындырақ көрінер еді. Ал Колумбияны алсақ, Латын Америкасындағы ең көне кинофестиваль өтетін Картахена қаласы әлдеқайда заңды таңдау болар еді.
Бірақ неге Медельин? Бұл қаланы Пабло Эскобардың көлеңкесінен тыс қабылдау мүмкін емес. Әлемдік бұқаралық сана үшін Медельин әлі күнге дейін 1980-жылдары есірткі картельдері іс жүзінде қатарлас билікке айналған мекен ретінде есте қалған. Дәл осы жерде Медельин картелі кокаин тасымалына, террорға, жемқорлыққа және «халық қамқоршысы» культіне негізделген тұтас қылмыстық империя құрды. 1980–1990 жылдары Медельин әлемдегі ең қауіпті қалалардың бірі саналды: жарылыстар, саясаткерлерді өлтіру, картельдер мен мемлекет арасындағы соғыстар қала өмірінің күнделікті көрінісіне айналды.
Бүгінде де бұл қаланы толық қауіпсіз деп айту қиын. Мен әуежайдан қонақүйге кештеу, шамамен кешкі сегіздер шамасында келдім де, жақын маңнан бір жерден кешкі ас ішу үшін екі рет көшеге шықпақ болдым. Екі жолы да мені тоқтатты: алдымен кино саласындағы әріптестерім паспорт пен ақшаны бөлмеде қалдырып, кешкі асқа тек қажетті соманы ғана алып шыққан дұрыс деді, өйткені фестиваль қонақтарының бірінің сөмкесін мотоцикл мінген адам жүріп бара жатып жұлып әкеткен жағдай болған екен. Мен бөлмеме қайтып барып, бәрін қалдырып, екінші рет шыққалы жатқанымда, фестиваль менеджері бірден тоқтатып, көшеде қараңғы түсіп кеткенін, жалғыз шықпағаным жөн екенін айтып, қонақүйдің өзінде кешкі ас ішуді ұсынды.
Бұл жағдай, шынымды айтсам, мені таңғалдырды. Яғни күндіз Медельинде серуендеу біршама қауіпсіз, ал кешке шықпаған дұрыс екен. Кейін біз Эскобардың жағымсыз мұрасымен күресіп жүрген бір үкіметтік емес ұйымға бардық.
Колумбиядағы қылмыстың қырық пайызы Медельинде шоғырланған. Айта кетерлігі, қылмыстық топтардың көпшілігі «компанияларға» айналып, өз қызметін жалғастырып келеді. Бірақ ең қорқыныштысы бұл емес, ең қорқыныштысы – Пабло Эскобардың жолын байлық пен өркендеуге апаратын ең тиімді жол деп сенетін жастар санасында. Сондықтан қалада қылмыс пен есірткі әлі де көп, ал өршіп тұрған жезөкшелік туралы айтпаса да болады.
Соған қарамастан, қазіргі Медельин өз болмысын белсенді түрде қайта пайымдап жатыр: есірткі астанасының символынан мәдениет, инновация және өнер кеңістігіне айналуға талпынуда. Мүмкін, дәл сондықтан мұнда халықаралық деңгейдегі мәдени бастамаларды өткізу аса маңызды шығар. Бұл – қаланың жаралы тарихын жаңа әлеуметтік және көркем тәжірибелер арқылы қайта жазуға жасалған талпыныс. Соның бір әдемі мысалы – Alternativa кинофестивалі.
Үшінші және, Құдай қаласа, соңғысы емес
Сонымен, үшінші фестивальдің басты назары Латын Америкасына ауды. Маған фестивальдің іріктеу комиссиясының құрамында болу бақыты бұйырды. Рәсім былай құрылды: 2025 жылдың күзінде біз Орталық Азиядан ұсынылған фильмдерді көріп, үздік ондықты таңдадық. Өз кезегінде Азиядан құрылған іріктеу комиссиялары өз фильмдерін қарап, үздік ондықты іріктеді. Ал Латын Америкасының іріктеушілері өз аймағындағы фильмдерді қарап, үздік 15 картинаны таңдады. 2026 жылдың қысында үш комиссия да 40 картинадан тұратын шорт-листті қарап шығып, үшінші «Альтернатива» фестивалінің байқау бағдарламасын құраған 15 финалисті таңдады. Олардың қатарында көркем және деректі фильмдер болды.

Лау Чарльз – қысқа метр жеңімпазы
Орталық Азия өңірінен финалға екі картина өтті: Жаннат Алшанованың қазақстандық «Победителей видно на старте» фильмі және Нұржамал Қарамолдаеваның қырғызстандық «Знают только небеса» картинасы. Бұлар – бұған дейін тиісінше Локарно мен Чикагода көрсетілген лайықты әрі мықты туындылар. Айтпақшы, екеуі де әйел режиссерлердің дебюттік жұмыстары. Бірақ олар көшбасшы атана алмады.
Әлеуметтік үні әлдеқайда күшті фильмдер жеңіске жетті:
– Кетеван Махарадзенің грузиялық «Девятимесячный контракт» деректі таспасы – жалғыз қызын аяғынан тұрғызу үшін 20 жылдан бері суррогат ана болып жұмыс істеп келе жатқан әйел туралы;
–Рамчапум Бунбуньячокенің таиландтық «Полезный призрак» фильмі – шаңсорғышқа қонып, әділетсіздікпен күресетін елес туралы;
– Сара Хакидің ирандық «Прорезая скалы» деректі таспасы – сайлауға қатысқан әйел және оның қандай кедергілерді еңсеруге мәжбүр болғаны туралы;
– Акио Фуджимотоның малайзиялық «Потерянная земля» туындысы – рохинджа босқындары туралы;
– Аугусто Сегарраның перулік «Руна Сими» деректі фильмі – «Король Лев» мультфильмін инктер сөйлеген кечуа тіліне дубляждау туралы;
– Лау Чарльздің мексикалық «Каса Чика» фильмі «Үздік қысқаметражды фильм» жүлдесін алды. Бұл – әкенің кішкентай балаларын сатып, басқа отбасына кетуі туралы туынды.
Бұл жолы «Альтернатива» фестивалінің жүлде қоры 120 мың долларды құрады..
Әрине, жүлделердің бөлінуі әділ болды. Дегенмен Бразилия, Мексика, Перу, Аргентина және Латын Америкасының басқа да елдерінен келген соншама жарқын картиналардың марапатсыз қалғаны мені қынжылтты. Меніңше, фестиваль әр жолы жаңа өңірде өтетін болса, басты назар да дәл сол өңірге аударылуы керек. Келесі «Альтернатива» Африкада өтеді деп жоспарланып отыр. Сол құрлықтың кинематографистері көбірек жүлде алса, жақсы болар еді.

Тәжікстаннан келген іріктеуші Шарофат Арабовамен бірге
Және тағы біраз арт-әсер
Фестивальдің жабылу рәсімі Медельиннің Ботаникалық бағында өтті. Бұл өте әдемі әрі ерекше болды! Бәрі алакөлеңкеде, фестивальдің фирмалық ақшыл көк-күлгін жарығымен көмкерілген ағаштардың арасында өтті. Перулік сыбызғының, бірнеше түтіктен тұратын сол аспаптың, үні естіліп тұрды. Шеңбер бойымен орналасқан алты үлкен экран және өзіңді Колумбияның тропикалық орманында жүргендей сезіндіретін толық атмосфера. Осындай ортада, көрермендердің жартысы отырып, жартысы тұрып, ал ортадағы сахна еркін қозғалып тұрғандай әсер қалдырған жабылу салтанаты өтті. Жүргізуші 360 градусқа бұрылып, қазылар алқасы да онымен бірге қозғалып отырды. Атмосфералық, жеңіл әрі демократияшыл! Ал кейін би мен дискотека болды.
Медельиннің мен үшін тағы бір жаңалығы – суретші әрі мүсінші Фернандо Ботероның есімін ашу болды. Ботеро алаңына барып, бірқатар толықша мүсіндерді көргенде, олар маған бір нәрсені еске салғандай болды. Дәл солай, бұл Esentai Mall-дағы «Жеміс ұстаған әйел» мүсіні! Сөйтсем, Ботероның мүсіндері бүкіл әлемге тараған екен, ал өзі Медельинде өмір сүріп, еңбек еткен.


Меніңше, Ботероның «мейірімді әлемі» түбінде Эскобардың «жаман даңқын» жеңіп шығады. Сонда бір күні әлем картасынан Медельинді дәл осы мүсіншімен байланыстырып іздейтін болар…
