«„Черный двор” жарыққа шыққанда, хостелде тұрып, өзімді Горькийдің „Тұңғиықта” қойылымының кейіпкеріндей сезіндім»
Жас актер Рауан Ахмедов мансабының бастауы мен алғашқы белестері туралы

Бүгінде Рауан ең сұранысқа ие жас актерлердің бірі. «Черный двор» хикаяларының, «Приговор», «Сказ о розовом зайце 2» және «Рэкетир 3» фильмдерінің жұлдызы Рауан Ахмедов қазақстандық кино индустриясына тез сіңісіп кетті. Қазір оның үш жаңа жобасы бар, соның екеуі (Руслан Акунның «Нелегал» фильмі мен толықметражды «Черный двор» картинасы) биыл наурыз айында көрерменге жол тартады.
«Черный двор» толықметражды фильмінің тұсаукесері қарсаңында Ғалия Байжанова актермен оның өнер жолының ерте басталуы мен алғашқы қомақты табысы жайында әңгімелесті. Бүгінде жас актердің мансабы қалай өріліп жатыр? Қандай рөлдер үшін ол қатты арықтауға дайын? Қай кезде өзін 200 пайызға жұмсайды? Және неге криминал бүгінгі буынның тіліне айналды?

— Рауан, мен сіздің өнер жолыңыз «Черный двор» сериалынан басталды деп ойлаппын. Сөйтсем, сіз киноға 10 жасыңыздан бастап түсіпсіз, «Балапан» арнасында көрсетілген «Томпақ» балалар хикаясында ойнаған екенсіз. Сонда қазір жасыңыз 22-де болса, кино саласында жүргеніңізге 12 жыл болғаны ма?
— Иә, ол қазақтілді балалар арасында өте танымал хикая болды. Әлі күнге дейін замандастарым келіп: «Бауырым, біз сені “Томпақтан” бері жақсы көреміз, жанкүйеріңбіз», — деп жатады. Ондағы оқиға өзге ғаламшарлықпен дос болған үш дос туралы еді. Бірақ үлкендер оған сенбейтін, сондықтан оны жасырып ұстауға тура келді. Ол қирай бастаған саяжай үйінің шатырында тұратын, ал кейіпкерлеріміз оған күн сайын келіп, сөйлесіп, бірге ойнайтын, тіпті Ақсу-Жабағылы қорығына апарып, экскурсия да ұйымдастыратын. Өте жақсы сериал еді.
— Кастингке сізді әжеңіз ертіп барды ма?
— Иә. Маған мәтін берді, мен оны бірден жаттап алып, керек көріністі ойнап шықтым. Сосын режиссер: «Жақсы, тағы қандай өнерің бар?» — деп сұрады. Мен: «Құлағымды қимылдата аламын», — дедім де, көрсетіп бердім. Ол күліп жіберіп, мені бірден бекітті. Кейін осыны сериалға да енгізді, онда мен құлағымды қимылдатамын.
— Бала актерлерге оңай емес қой. Мысалы, Маколей Калкинді алайықшы. Сіз ондай қысымды сезіндіңіз бе? Өйткені мұндай балалар өзгелерден ертерек есейіп кететіндей көрінеді ғой?
— Бәлкім, белгілі бір қысым болған шығар, бірақ мен ол туралы аса қатты ойланған емеспін. Маған түсірілім процесінің өзі ылғи ұнайтын. Оның үстіне, бала кезінен киноға келген актерлер аз емес қой: мысалы, Леонардо Ди Каприо, «Хәрри Поттердегі» Дэниел Рэдклифф және тағы да басқа актерлер. Әркімнің өз жолы бар, ал мен өз жолымды таптым деп ойлаймын. Түсірілімге қатыстым, кейін алтыншы сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейін түсірілім алаңында жұмыс істедім: оператордың көмекшісі болдым, режиссердің көмекшісі болдым. Тіпті костюмер болып та жұмыс істедім.
— Шымкентте ме?
— Иә, ол жақта біраз дүниелер түсірілді, әлі де түсіріліп жатыр. Жарнамалар, әлеуметтік бейнелер, шағын фильмдер. Шымкент — шын мәнінде кино түсіруге қолайлы қала. Ол жаққа бүкіл түсіру тобымен емін-еркін барып, жақсы кино түсіруге болады. Шымкентте бәрі бар: табиғат та, мейірімді адамдар да, түсіруге ыңғайлы жағдай да. Оның үстіне, бәрі айтарлықтай арзан. Әрине, оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұрт ағылатын Алматымен салыстыру қиын, бірақ Шымкенттің отандық кино үшін әлеуеті өте зор.
— Сіз Жүргенов атындағы академия жанындағы колледжде оқыдыңыз ғой? Ал жоғары білім алдыңыз ба, әлде қазір ол аса қажет емес пе? Себебі қазірдің өзінде сұранысқа ие актерсіз.
— Әзірге жоғары білімім жоқ, бірақ ол маған керегі рас, жарты жолдамын. Неге керек екенін нақты білмеймін, бірақ, сірә, өзім үшін шығар. Іштей бір дүниені аяқтау керек сияқты. Мен актерлік мамандыққа сырттай оқуға — Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет институтына оқуға түстім. Қазір үшінші курста оқимын, бірақ белсенді түрде түсірілімге қатыса бастаған соң академиялық демалыс алуыма тура келді.
— Неге өзіміздің академияға түспедіңіз?
— Бізде сырттай оқу жоқ. Мен күндізгі бөлімге жалпы негізде түскім келген, бірақ сәті түспеді. Қабылдамады.
— Қалайша? Талантыңыз анық көрініп тұр ғой!
— Өзім де таңғалдым, өйткені грантқа лайықпын деп ойлап едім. Мені алғысы келген адамдар болғанын білемін, бірақ… нәтижелер жарияланған кезде маған тек ақылы бөлімге түсу ұсынылды. Сонда мен: «Жоқ, бұлай болмайды, мені грантқа алыңыздар», — дедім. Онсыз да үш жыл ақылы бөлімде оқып шықтым. Өкініш болды ма? Әрине. Меніңше, кейбір талапкерлер, мүлде басқа деңгейде еді. Қалай айтсам екен, ағаш қой ағаш. Құдды бір емен ағашындай. Не сексеуілдей. Солар грантқа түсіп кетті, ал мен түспедім. Сол сәт әлі есімде: өз курсын жинап жүрген бір актер маған қоңырау шалып: «Балам, еңсеңді түсірме, бәрін Жаратқан ие өз орнына қояды», — деді. Білесіз бе, дәл сол күні мен Академиядан шығып, сәл әрірек жерде Диас Бертисті кездестірдім, сүйтіп ол мені «Черный дворға» алды.
— Сіз онымен бұрыннан таныс па едіңіз?
— Иә, мен оған «Черный дворға» дейін түсірілген «Игрок» сериалында эпизодтық рөлде ойнадым. Кейін олар Францияда ең үздік операторлық жұмыс үшін жүлде алыпты, мен құттықтадым. Сөйтіп, бір күні кездесіп, сөйлесіп тұрдық. Өзі бойшаң адам ғой, маған ұзақ қарап тұрды, тыңдап, басын изеп қояды. Сосын: «Жасың нешеде?» — деп сұрады. Мен: «Он тоғыздамын», — дедім. Ол: «Керемет. Кастингке келе аласың ба?» — деді. Мен: «Әрине», — деп жауап бердім. Сынақтан өттім де, кейін оқуға түсу үшін Бішкекке кеттім. Біраз уақыт өтіп, кастинг жайын ұмытып та кеткен едім. Бір кезде режиссердің көмекшісі хабарласып, шұғыл түрде Salem-ге келуімді сұрады. Айтуынша, Қырғызстаннан бір продюсер келіпті де, мені өз көзімен көргісі келеді екен, «ойнай ала ма, жоқ па» деп күмәнданыпты. Мен: «Мен Бішкектемін, емтихан тапсырып жатырмын», — дедім. Содан кейін мені 1.1 studio-ға жіберді. Бұл — Қырғызстандағы ең ірі продакшн, «Черный дворның» қосалқы продюсерлерінің бірі.
— Сосын сізді рөлге бекітті ме?
— Иә, кейін Рася (қырғыз продюсері Ростислав Ященко) мені көрген бойда-ақ Муханың рөліне дәл мен лайық екенімді бірден түсінгенін айтқан еді. Бойымнан керекті кейіпкерді қалай аңғарғанын білмеймін, өйткені ол кезде түрім сәл… тым нәзіктеу ма еді. Шашым да ұзын болатын. Ал оларға аула баласына тән, еркіндеу типаж керек еді.
— Колледж сізге көп нәрсе берді ме? Сөйтсем, сіз тіпті староста да болған екенсіз ғой?
— Иә, мен күндіз-түні тек актерлік өнер туралы ойлайтынмын: не ойлап табуға болады, қандай монолог дайындау керек, қалай өсу керек, қай тұсымды жетілдіруім керек, соның бәрін ойлайтынмын. Біз өте тығыз әрі байыппен оқыдық. Бірінші және екінші курста ұстазымыз бізге түсірілім алаңдарына баруға тыйым салды. Киноға түсуге де рұқсат бермеді. Ал үшінші курсқа өткенде: «Жарайды, барып көріңдер», — деді. Сол кезде одан кастингке балалар жіберуді өтініпті, сөйтіп мен Дархан Сәркеновтің Мұқағали Мақатаев туралы «Мен бұл ғасырдан емеспін» сериалында ойнадым. Онда ақынның ұлы Айбардың рөлін сомдадым, ал Мұқағалиды Азамат Сатыбалды ойнады. Меніңше, бұл лайықты бағасын ала қоймаған хикая.

— «Черный двордың» арқасында бірден танымал болып ояндыңыз ба?
— Иә, өте ерекше сезім еді. Ол кезде досыммен бірге хостелде тұратынмын. Оның үстіне, ол жердің атмосферасы да нағыз халықаралық еді: қазақтар, үнділер, орыстар, әзербайжандар, түріктер бәріміз бірге тұрдық. Ортақ асүй, ортақ жуынатын бөлме, ортақ дәретхана. Білесіз бе, тура Горькийдің «Тұңғиықта» қойылымындағы ахуал сияқты. Оның алдында ғана сол жерде құлаққабымды ұрлап кеткен. Есімде, тұсаукесерге дайындалып, ең әдемі киімдерімді киіп жаттым.
…әлі ұрланып үлгермегендерін…
— Иә, әлі ұрланып үлгермегендерін. Сөйтіп, тұсаукесерге бардым. Адам көп, камералар, журналистер, у-шу. Ертеңіне жігіттермен жиналып: «Ооо, YouTube-та қаралымымыз миллионға жетіпті!», деп бір қуанып алдық. Сосын «Mega»-ға тамақтануға бардық, бірақ бізді ешкім тани қоймады. Жан-жағымызға қараймыз — еш реакция жоқ. Бір кезде эскалатормен көтеріліп келе жатсақ, күзетші: «Әй, сендер “Черный двордағы” жігіттер емессіңдер ме? Кеше ғана шықты ғой!», — деді. Біз: «О, бізді таныды!», — деп қуандық. Ал Гарриді ойнаған Ақжол Примбетов фудкорттың қақ ортасына барып тұрып алды да, «біреу таныр ма екен, танымай ма екен?» деп айналасына қарап тұр. Айбар екеуміз соған мәз болып күлдік. Содан кейін кетті ғой: тіпті хостелдің өзінде де мені тани бастады. Аздап ыңғайсыздау болды. Бірақ мен ол жерде тағы бір жарым-екі айдай тұрдым. «Черный двор» 25 мамырда шықты, ал мен хостелде шілдеге дейін тұрдым. Кейін адамдар қызығушылық танытып, арнайы келіп сөйлескісі келетін болды. Сол кезде досыма: «Болды, көшу керек», — дедім. Сөйтіп, басқа жаққа көштік.
— Қазір сіз ең танымал жас актерлердің бірісіз. Бірақ жобаларыңыздың басым бөлігі — криминалдық драмалар: «Черный двор», «Приговор», «Сказ о розовом зайце 2», «Рэкетир 3». Қалай ойлайсыз, бұл жанр неге осынша сұранысқа ие?
— Меніңше, бұл бізге маскулиндік жетіспегендіктен. Мен өзіммен жастас буын туралы айтып отырмын. Ал сәл үлкендеу буынды айтсақ, олар қазірдің өзінде өткенді аңсап жүр. Жоқ, бізде де қайсар жігіттер бар, әрине. Бірақ 90-жылдары, 2000-жылдардың басында өскен буынмен салыстырсақ, біз сәл жуас, сәл жұмсақтау сияқтымыз. Сол қатқылдықты, сол брутальділікті кинодан іздеп, кинодан толықтырамыз.
— Ал мүмкін, осы жат, дөрекі еркектік түсінік мүлде болмауы керек шығар? Оны неге қайта-қайта киноға қоса береміз?
— Білесіз бе, біз не түсірсек те, бәрібір сынға ұшыраймыз. Біздің режиссерлер комедия түсіруді үйренді, жұртқа ұнады, бірақ кейін ондай фильмдер тым көбейіп кетті де, адамдар: «Комедиядан жалықтық», — дей бастады. Содан кейін криминалдық хикаялар келіп, олар да жақсы шыға бастады, басқа елдер де қарай бастады, артынша тағы сын көбейді: «Неге бандитизмді романтизациялайсыңдар? Бізге дөрекі еркектік түсінік неге керек өзі?» Енді бәрі отбасылық драмалар мен мелодрамалар түсіріп жатыр, оған да уақыт өте жұрт тояттайды. Біздің көрермен өте талапшыл. Түсініңіз, қазақ киносы енді ғана дамып келеді. Ал басқа қырынан қарасақ, біз әртүрлі жанрда түсіре алатынымызды көрсетіп келеміз: комедия да, криминал да, отбасылық драма да бар. Бір күні әр көрермен қазақ киносынан өзіне керек дүниесін табатын деңгейге жетеміз. Мен соған сенемін.

— «Черный двордың» артынан жобалар үйіліп төгілген болар?
— Үйіліп төгілді дей алмаймын, бірақ жақсы ұсыныстар болды, бір жақсысы, әлі де түсіп жатыр. «Черный двордан» кейінгі алғашқы хикаям «60 килограмм» деп аталды. Кастингі өте қиын болды, шамамен екі аптаға созылды. Бұл балуан болуды армандайтын жігіт туралы хикая. Бірақ әкесі оның медицина саласына барғанын қалайды. Дегенмен мұндағы күрес — тек сыртқы фон ғана. Негізінде бұл отбасылық қарым-қатынас пен буындар тартысы туралы оқиға.
— Сол рөл үшін 14 келі тастадыңыз ғой? Өкінген жоқсыз ба, бәрібір ағзаға үлкен салмақ түседі емес пе?
— Жоқ, өкінбедім, жақсы жоба болды. Жастар көп көрді, кейін маған тіпті орыс жігіттері де келіп пікірін айтып жатты, ал жобаның өзі түгелдей қазақ тілінде түсірілген еді. Неге ондай шектен шығатын тәжірибеге бардым? Өйткені маған сол тәжірибенің өзі қызық болды.
— Тағы да арықтауға дайынсыз ба?
— Егер сомдайтын рөлім арықтауды талап етсе, иә. Мен 19 наурызда прокатқа шығатын Руслан Акунның толықметражды фильмі «Нелегал» жобасы үшін арықтағанмын да. Бұл — Оқиға Мексика арқылы Америкаға заңсыз өтпек болатын қырғыз ағайынды екі жігіт жайында. Басты рөлді қырғыз актері Эмиль Эсеналиев сомдайды, ал мен оның інісін ойнаймын. Фильмде «бұрын» және «кейін» болып көрсетілетін флешбектер бар, кейіпкерім тұтқынға түсетін көріністер үшін мен өте арық болуым керек еді. Жалпы, өткен жыл мен үшін өте өнімді болды. Қазір мен түскен үш ірі туынды бар: толықметражды «Черный двор», «Нелегал» және Unico Play платформасына арналған «Тұз» хикаясы.

— Ендеше, әуелі 12 наурызда жарыққа шығатын «Черный двор» туралы айтайықшы. Жаңа хикая не жайында?
— Оқиға желісі бойынша менің кейіпкерім Муха ересектер колониясына ауыстырылады. Ал Бобтың әкесі (Айбар Салының сомдауында) оны әскерге жібереді. Сол жақта оны түрмені күзетуге жібереді де, екеуі сол жерде қайта жолығады.
— Бұл жобаға сізбен бірге ресейлік жас актер, «Слово пацана» сериалының жұлдызы Рузиль Минекаев та түсті. Онымен бірге жұмыс істеу қалай болды? Жалпы, актерлік мектептеріңізде айырмашылық бар ма?
— Сырттан қарағанда, екеуіміз бір жүйеде оқығандай көрінгенімен, шын мәнінде оның мектебі басқа. Меніңше, қазақ актерлері әлдеқайда экспрессивті. Осы жағынан біз корейлерге ұқсаймыз — эмоцияға жақынбыз, ойнасақ, сезімді шегіне жеткізе ойнаймыз. Рузиль өзін басқаша қырынан көрсетті, бірақ онымен жұмыс істеу маған өте жайлы болды. Актер ретінде де, адам ретінде де. Менталитет жағынан бізге жақын — өзі татар ғой, тілдеріміз де, дәстүрлеріміз де ұқсас. Ол менен үш-төрт жас үлкен, бірақ мен үшін жақсы үлгі. Өте байыпты, отбасына адал адам, жары мен баласы бар.
— Ол сізбен жұмыс істегенге дейін қазақ киносын көрген бе? Өйткені көпшілік бұл екі — «Черный двор» мен «Слово пацана» жобаларын жиі салыстырды ғой.
— Шынымды айтсам, оның қазақ киносын қаншалықты жақсы білетінін, не көргенін нақты айта алмаймын. Бірақ қазақ музыкасын, қазақ рэперлерін тыңдайтыны анық, ортақ әңгімеміз де көп болды. Тіпті бір күлкілі жағдай да болды. Екі аптадай бірге түсірілімде жүргенбіз. Бір үзілісте ол грим бөлмесінде әйеліне қоңырау шалып, сөйлесіп отырды да, бір сәтте қазаққа тән интонациямен: «По идее», — деп қалды. Әйелі бірден: «Не? Қайталашы!» — деді. Білуімше, бұлай көбіне қазақтар айтады. Кейін бәріміз бір күліп алдық. Сонда ол: «Жігіттер, сендер маған не істеп қойдыңдар өзі?» — деді.
— Дебютант Әділет Әбіш түсірген «Тұз» хикаясы хит болады деп жатыр. Бұл жобада да Айбар Салымен бірге ойнайсыз ба? Бірде жасөспірімдерге арналған криминалдық хикаяда, бірде түрме драмасында, енді бірде мелодрамада қатар түскен көрінесіздер?
— Иә. Оқиға желісінде Айбар, Ақнұр Рахат үшеуіміздің арамызда махаббат үштағаны бар. Мен «дұрыс» жігітті, яғни оқу үшін қалаға келген қарапайым ауыл баласын ойнаймын. Ал Айбар мүлде басқа типажды сомдайды: ол қалада баяғыдан бері жүрген жігіт, көлігі бар, байланысы бар, «паханы» бәрі бар. Ал Ақнұр екеуміздің арамыздағы кейіпкер.
— Айбар екеуіңіз қазір ең сұранысқа ие жас актерлер сияқтысыздар. Қалай ойлайсыз, неліктен?
— Дамир Амангелдин де қазір көп жобаларға түсіп жүр. Біз онымен «Черный дворға» бірге түстік. Одан бөлек, оның «Карга», «ЖБ», «Мяу» хикаялары, жуырда шыққан «Қара бекіре» мен «Тренер Аға» сияқты тұсаукесерлері бар. Жақында оның қатысуымен Дархан Төлегенов түсірген «Кіндік» жобасы да жарыққа шығады. Меніңше, мықты туынды болғалы тұр. Ал мен басқалардан көбірек түсіп жүрмін бе, жоқ па оны дөп басып айту қиын. Әркімнің өз жолы бар. Бірақ менің сұранысқа ие болуымның бір себебі — түр-келбетім шығар деп ойлаймын. Бейнем халыққа жақын. Мысалы, Айбардың сырт келбеті бірден көзге түседі: бұйра шаш, ашық көз. Тамирлан Джангазиев те айрықша көрінеді, ол да қалыпты типаж емес. Дамир тіпті мүлде бөлек типаж. Ал мен болсам қарапайым, көпке таныс қазақ жігітінің бейнесін беретін актермін.
— Айтыңызшы, егер жобаға келіп, сценарийдің онша емес екенін, ал режиссердің алып шыға алмай тұрғанын сезсеңіз, не істейсіз?
— Ондай да болып тұрады, бірақ, құдайға шүкір, жиі емес. Егер ондайды байқасам, өзім екі жүз пайызға жұмыс істеймін. Өйткені бәрібір бұл жұмыс бір жерге жарияланады, ертең оны жұрт көреді. Осыны ойласам-ақ қорқыныш туып, алаңдап кетемін, сөйтіп, кем дегенде менің жұмысым тәуір көрінсін деп барымды саламын. Мұндай жобаға қатысу кейде ішінен өзің жол тауып шығуың керек лабиринт сияқты. Теңізшісі жоқ кеме секілді. Процестің ішінде жүргендейсің, бірақ нені қалай істеу керегін өзің де анық түсінбей тұрсаң да шын мәнінде бәрін өзің сүйреп шығаруыңа тура келеді. Ең қорқыныштысы бұл — режиссердің өзі келіп, «Мұны қалай дұрыс жасаған жөн?» деп сенен сұрайтын сәт, оның жауабын өзің де білмейтініңді ұғасың.
— Режиссердің сіз үшін несі маңызды?
— Біз бірге жұмыс істей алуымыз керек, арамызда диалог болуы тиіс. Ол өз көзқарасын айтады, мен де өз тарапымнан бірдеңе ұсынамын. Кейде ол келіспейді, кейде мен өз уәжімді айтамын. Егер пікірталас дұрыс, орнымен жүрсе, бұл ылғи жақсы. Өйткені солай дұрыс дүние туады, қаласаңыз — тіпті шындық ашылып, нәтижесінде рөл дәлірек, тірірек шығады.
— Қазақ киносында сізге не жетіспейді?
— Меніңше, мықты драматургия мен тосын, парадоксты хикаялар жетіспейді. Ондай нәрсе бізде кинода да, театрда да аз. Мысалы, Салтанат Бақаева продюсерлік еткен «Зулейха» спектаклі есіме түседі. Режиссер Әлібек Өмірбекұлы, меніңше, Гүзель Яхинаның «Зулейха көзін ашады» повесінің негізінде өте сапалы қойылым жасаған. Материалы да мықты, шешімі де сәтті шыққан. Жалпы, жұрттың бәріне Әлібектің шығармашылығына назар аударуға кеңес берер едім. Ол Неміс театрында бірнеше өте мықты спектакль қойған, соның ішінде «Шесть персонажей в поисках автора», «Дон Кихот» және «Зулейха» бар.
— Бұл материалдың парадоксы сіз үшін нақты неде?
— Есіңізде болса, ол жерде басты кейіпкер бұл репрессиядан жапа шеккен әйел. Кеңес өкіметі оның күйеуін өлтіреді, мал-мүлкін, бар тіршілігін тартып алады, өзін Сібірге айдап салады. Ал сол жақта ол күйеуін өлтірген адамға ғашық болады. Бұл парадокс емес пе? Драматургия тұрғысынан өте қуатты, өте күрделі хикая ғой. Ал біздің кинода кейіпкерлер көбіне біржақты болып кетеді. Егер бай болса — міндетті түрде стереотиптегі бай, жиіркенішті жемқор, ақшаны оңды-солды шашатын адам. Көбіне оның екінші әйелі болады, көңілдестері болады — мұның бәрі жалықтырып жібереді. Неге бай адам мүлде басқаша болмасқа — оғаш, қайшылыққа толы, тіпті фрик болуы мүмкін ғой. Мысалы, «Уолл-стрит қасқырындағы» Мэттью Макконахидің кеудесін тоқпақтайтын сахнасын еске түсіріңізші. Бізде дәл осындай тосын, есте қалатын кейіпкерлер жетіспейді.
— Ал сіз «Зулейхада» оның ұлы Юзуфты ойнайсыз ба?
— Иә, ол Сібірде, әлгі қаза тапқан күйеуінен дүниеге келеді. Ол жерде тағы бір парадокс бар: менің кейіпкерім әкесін өлтірген адамды қабылдайды, тіпті оның анасымен бірге тұруына да келісім береді. Осындай дүниелер иірімі мол, тірі дүниелер болып көрінеді. Мен де кейіпкерімнің ішкі әлемін қазып, тереңіне бойлауға болатын дәл осындай рөлдерді асыға күтемін.
