Инь бастау алып, жеңіске жетуде!
Қазақ киносының келбетін әйел режиссерлер өзгертуде

Соңғы үш жыл қазақ киносындағы әйел режиссерлер үшін шын мәнінде серпінді кезеңге айналды. Қазірдің өзінде Германияда өтіп жатқан әлемдегі ең беделді үш кинофестивальдің бірі «Берлиналедегі» Қазақстаннан ұсынылған екі туындының да режиссері әйелдер. Бірі Кристина Михайлованың «Өзен түстері» фильмі, ал екіншісі суретші Алмагүл Меңлібаеваның AI Realism – Qantar 2022 атты анимациялық жұмысы. Бұған қоса, биыл Berlinale Talents бағдарламасына Қазақстан атынан да әйелдер қатысып жатыр: режиссерлер Алина Мустафина мен Катерина Суворова, сондай-ақ продюсер Бану Рамазанова. Мұның бәрі отандық кино кеңістігінде әйелдердің белсенділігі артып қана қоймай, олардың жаңа көркемдік бағыт пен жаңа көзқарас қалыптастырып жатқанын көрсетеді. Ендеше, бұл жай ғана гендерлік тепе-теңдік пе, әлде әйел режиссерлер бүгінгі қазақ киносының жаңа келбетін айқындап жатыр ма?

Режиссёр Ксения Михайлова
Киноның бейнесі – әйел
Егер бұған дейін қазақ киносында әйел режиссерлердің аты сирек аталса, соңғы екі жылдың өзінде олардың қолтаңбасын айқын танытқан бірнеше фильм жарық көрді. Бұл туындылар түсіріліп қана қоймай, халықаралық кинофестивальдерде қазақ киносын кеңінен танытып үлгерді:
— Айжан Касымбектің «Мадина» фильмі – Токиода өткен тұсаукесер, 2023 жыл
— Шарипа Уразбаеваның «Тул» фильмі – Бішкекте сценарий үшін жүлде алды, 2024 жыл
— Асель Аушакимованың «Велошах» фильмі – АҚШ-тағы Трайбек кинофестивалінде Бас жүлдені иеленді, 2024 жыл
— Малика Мухамеджанның «Ласточка» фильмі – Шанхай халықаралық кинофестиваліне қатысты, 2024 жыл
— Ольга Коротьконың «Шегірткелер, ваш выход» фильмі – Локарнодағы премьера, 2024 жыл
— Зак Абдрахманованың «Папа умер в субботу» фильмі – Ресейдегі «Белый слон» жүлдесінде ең үздік дебют атанды, 2024 жыл
— Жаннат Алшанованың «Победителя видно на старте» фильмі – Локарнода таныстырылды, 2025 жыл
— Жанана Курмашеваның «Мы здесь живем» фильмі – Азияның үздік бес фильмі қатарына еніп, APSA сыйлығының номинанты болды, 2025 жыл
Бұл фильмдердің бәрін бір ғана эстетика не ортақ идеология біріктіріп тұрған жоқ. Керісінше, олар тақырып пен көркемдік ізденіс ауқымының қаншалықты кең екенін көрсетеді: әлеуметтік реализм мен отбасылық драмадан бастап, сатираға, саяси мәлімдемеге және радикалды авторлық киноға дейін барады. Бірақ осы әртүрлі туындылардың бәрін жақындастыратын ортақ бір сипат бар және олар осалдықты жеке адамның әлсіздігі ретінде емес, бүгінгі қоғамның жүйелі шындығының бір көрінісі ретінде қарастырады. Тіпті табысты, дербес, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған болып көрінетін кейіпкерлердің өзі зорлық-зомбылық, институционалдық қысым мен төзімсіздік алдында қорғансыз қалып жатады.
Енді осы қатардан екі фильмге жеке тоқталайық: Асель Аушакимованың «Велошах» фильмі мен Зак Абдрахманованың «Папа умер в субботу» туындысы.
«Велошах»: мықты әйелдер де осал
Қазіргі қазақ киносында мықты, қайсар әйел кейіпкерлерге бетбұрыс байқалады. Әрине, бұл жерде әңгіме «Лара Крофт» не «Аштық ойындарындағы» қаһармандар секілді әсіреленген образдар туралы емес, ерлерге шын мәнінде қарсы тұра алатын әйелдер жайында. Бұл, шын мәнінде, қазақстандық қоғамдағы күштер арақатынасының көрінісі. Әйелдер саясат пен бизнестің биік деңгейінде болмаса да, күнделікті өмірде расында да ықпалды әрі мығым.
«Велошах» фильмінде мемлекеттік телеарнада жұмыс істейтін табысты журналист әйелдің өмірінен бірнеше күн көрсетіледі. Дина рөлін Салтанат Наурыз сомдайды. Ол — өз күшімен жетістікке жеткен, дербес, табысты әйел. Үйленген оператор-ғашығының қырындауын да, жалған ғалым кейпіндегі қарттың орынсыз мазалау әрекеттерін де қабылдамайды. Жалпы, қолдан жасалған, жалған дүниелердің ортасында өмір сүру оған қызық емес.
Оның сіңлісі – біздің кино әлемі үшін тосындау көрінетін кейіпкер – лесбиянка болып шығады. Ол пикеттерге шығып, ал фильмнің соңына қарай оның полицей қызметкерлерінің қолынан қаза тапқанын білеміз (бірақ «кездейсоқ құлап кетті» делінеді).
Осыдан-ақ тіпті бәрі бардай көрінетін, өмірі орнықты әйелдің өзі осал екенін аңғаруға болады. Оның беделді жұмысы, қорғау болатын адамдары, ақшасы да, сүйіктісі де бар. Бірақ оның өміріне «басқа» құндылықтар ене бастаған сәттен-ақ – мәселен, ЛГБТ қауымдастығына жататын сіңлісінің тағдыры арқылы – әлсіз тұсы ашыла түседі.
Асель Аушакимованың «Велошах» фильмі Қазақстандағы әйелдер киносының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды туындыға айналады. Бұл фильм әйел субъектілігінің енді «құрбан – жеңімпаз» деген бинарлық қайшылықтың аясында ғана құрылмайтынын көрсетеді. Заманауи кейіпкер бір мезетте мықты, білімді, кәсіби тұрғыда қалыптасқан бола алады және сонымен қатар осал күйде де қала береді. Көркем талдаудың өзегіне дәл осы қайшылық шығады, яғни жай ғана жетістік тарихы емес, ішкі беріктік пен осалдықтың қатар өмір сүруі.
«Папа умер в субботу»: «Мен – суперқаһарманмын!»
Фильм Айконың грим бөлмесінде жылап отырып, өзін бір ғана сөзбен жұбатуға тырысқан сәтінен басталады: «Мен – суперқаһарманмын! Мен – суперқаһарманмын!» Әзірге оның не үшін жылап отырғанын білмейміз, бірақ дәл осы тұстан адамның өзін қолға алуға тырысатын ішкі тетігін бірден аңғарамыз. Көп ұзамай Көптен бері араласпаған әкесінің қайтыс болғаны туралы хабар жетеді. Аралары суып кеткені соншалық, әкесі тіпті басқа отбасы құрып, екі балалы болып үлгерген. Айко Мәскеуде кинотопта грим әртісі болып жұмыс істейді, бірақ соған қарамастан Қарағанды маңындағы ауылға әкесін соңғы сапарға шығарып салуға барады. Бұл — шағын қазақы ауыл, мұнда бәрі жерлеу рәсіміне қамданып жүріп марқұмның үлкен қызын бірден тани да қоймайды. Фильмнің кастингі де өте сәтті шыққанын бірден атап өткен жөн. Мінезі тік, тәуелсіз Айконы «АРТиШок» театрының актрисасы Лаура Тұрсынқанова сомдайды. Әкесінің соңғы жары Венераның рөлінде – Самал Есләмова, ал оның он бес жастағы қызы Кука образын Амина Оразбай сомдаған. Сюжет дәл осы әйелдердің айналасында өрбиді, сондықтан олардың әрқайсысы бұл фильм үшін айрықша маңызды. Кука Айконы суқаны сүймейді, тіпті алғашқы сәттен-ақ оның кетіп қалуын тілейді. Венера Айкоға сабырмен қарайды, бірақ күйеуіне қатысты айтылған ауыр сөздерді кешіре қоймайды. Кейінірек Айконың өз анасын да көреміз, ол да бір қызын ерекше бауырына басып тұрған жан емес еді. Айко кішкентай Кукамен біртүрлі жақындасып, қыздың қалауына қарамастан, әкесінің құлпытасы қойылғанға дейін ауылда қала береді. Қысқасы, бұл үйде тыныштық аз: әйелдер кіріп-шығып жүреді, есік тарс жабылады, реніш те, ашу да, өзара өштік те бар, бірақ бәрі ішке бүгіледі, себебі үйде қаза болып жатты.
Бұл фильмде ер адам бейнесі мүлде шетке ысырылғандай. Әкесі үш рет үйленген. Әкесі үш рет үйленген. Бірақ бұл фильм әйелдер туралы да, махаббат туралы да емес. Бұл – балалар, дәлірек айтқанда, әкесінен мейірім көрмей өскен қыз балалар туралы хикая. Айко – мінезі тік, дәстүрдің бәрін жете біле бермейтін, бірақ болмысы бекіген кейіпкер. Ал Куканы құтқару қажет болған сәтте, ол еш ойланбастан сол жағдайда қолдан келгенінің бәрін жасайды.
Қызығы, Айкодан бар-жоғы бес жас үлкен Венера тек қазақша сөйлейтін. Көп үндемегенімен, ара-тұра өте дәл сөз айтып қалады. Айко енді қайтуға жиналған сәтте, яғни барлық жөн-жоралғы жасалып, бейіт басына тұрғызылған кезде, Венера оған: «Сен суперқаһарман емессің, сен – жалмауыз қасқырсың!» дейді. Бұл сөздер Айконың өмір бойы естумен болған ащы шындықтың бетке тіке айтылған тағы бір түрі еді, артынша Венера оны құшақтап, «бишара, ақымақ қасқыр» деп қосады.
Осыдан фильмдегі әйел күші бұл әулеттің күші емес, жалғыз қасқырдың күші, тірі қалудың күші деген ой туады. Ал ер адам ол – күйеу, көңілдес, әке, сүйікті ретінде бұл фильмде мүлде теріске шығарылғандай. Әйел табиғатынан «суперқаһарман» болуға тиіс те емес, бола да алмайды және түптеп келгенде, ер адамға телінген рөл. Ал егер әйел сол рөлді өз мойнына алуға мәжбүр болса, онда бұл дүниедегі бір тепе-теңдіктің бұзылғанын аңғартады.
Түйін
Әйел режиссерлер түсірген фильмдерде бізді қызықтыратыны жай ғана «әйел образы» емес, кино тіліне көшірілген әйел тәжірибесі. Мұның ара-жігі анық. Мұндағы әйел қандай да бір идеяның тасымалдаушысы емес, дәуірдің нышаны да емес, сюжетті алға жылжытатын қосалқы тетігі де емес, керісінше, көрерменге шынайы өмірді сезіндіретін жаратылыс.
Әйелдер түсірген кинода кейіпкер ешқашан дерлік абстрактілі бейне болып қалмайды. Ол – нақты тәні бар, нақты өмірбаяны бар, нақты осалдығы бар адам. Оның күші де даңғаза емес, қаһармандыққа құрылған жасанды күш емес, оның күші төзімділігі мен таңдау азайған сәтте шешім қабылдай алуында, жүйе де, отбасы да, ер адамдар да мойнына алмаған жауапкершілікті өзіне алуынан көрінеді.
Әйел режиссерлердің қатары көбейген сайын қазақ киносында айқын бір бетбұрыс байқалады: патриархалды әлемге бағынуға мәжбүр болған әйел бейнесі біртіндеп еркін, күрескер әйел тұлғасына айналып келеді. Ол енді еркексіз де өмір сүре алады – мұны «Марьям», «Мадина» секілді фильмдерден көреміз. Оның үстіне, қазақ киносында өз таңдауын өзі жасайтын, ер адамды өзі таңдайтын немесе мүлде таңдамауы да мүмкін тәуелсіз әйел образы жиі көріне бастады. «Велошах» пен «Папа умер в субботу» осының айқын мысалы. Мұндай кейіпкер өзін суперқаһарман ретінде қабылдайды. Ал Локарнода көрсетілген Жаннат Алшанованың «Победителя видно на старте» фильмі ауқатты, жағдайы бар әйелдің екі жолын алға тартады: біреудің көңілдесі болу немесе бәріне өзі жету. Бірақ бұл – бөлек талдауды қажет ететін тақырып. Мұндай фильмдер әлі де көбейе береді. Өйткені қазақстандық қоғамда мықты әйелдер көбейіп келеді, ал кино – сол шындықтың айнасы.
