«Mangyshlak express. Пойыздағы паника»: тұсаукесері: жолсерік, пойыз және аздаған әзіл

Kinoplexx 7 Sary Arka кинотеатрында режиссер Мақсат Оспановтың «Mangyshlak express. Пойыздағы паника» фильмінің тұсаукесері өтті. Атауға сай, іс-шараға қатысқандардың бәрі картинаның прокаттағы жолы ұзақ әрі сәтті болсын деп тілек білдірді.

Mangyshlak express — бұрын Қазақстандағы ең ұзақ теміржол бағыттарының бірі осылай аталған. Бұл пойыз бүкіл елді кесіп өтіп, Алматыдан Маңғыстауға дейін жететін, ал жолдың өзі үш күнге созылатын. «Әрқайсыңыз өміріңізде кемінде бір рет болсын осы пойызға мінген шығарсыз?» — деп сұрады іс-шара жүргізушісі. Қонақтардың барлығы дерлік бұл сұраққа сенімді түрде «иә» деп жауап берді.
«Mangyshlak express. Пойыздағы паника» фильмінің оқиғасы дәл осындай пойызда өрбиді. Басты кейіпкер – Шолпан есімді ақкөңіл жолсерік. Ол басқа адамның орнына ауысымға шығып, бірден түрлі қиындыққа тап болады. Оған жолаушылардың арасында жұмысын тексеруге келген ревизор жасырынып жүргені хабарланады. Содан кейін Шолпан оны қалай да тауып алуға бел буады.
«Қолыңнан келсе алып қаш» және «Майор мырза» сияқты танымал жобалар арқылы көрерменге жол тапқан Айшолпан Байтүгел үшін бұл фильм – мансабындағы алғашқы үлкен басты рөл.
«Эпизодтық рөлдерде ойнағанда, екінші пландағы рөлді армандайсың. Ал екінші планда ойнағанда, басты рөлді қалайсың. Бұл – мүлде басқа деңгей, басқа жауапкершілік. Қиын болды, бірақ команданың арқасында бәрін еңсердік», — деді актриса.
Фильмнің қоюшы режиссері Мақсат Оспанов – отандық кинодағы ең өнімді режиссерлердің бірі. Өткен жылы оның төрт фильмі прокатқа шықса, биыл әзірге бір картинасы көрерменге жол тартты.
«Біз қыста, суық мезгілде түсірдік. Теміржол бойындағы түсірілімдердің өз қиындығы болды. Барлығына төзіп, шыдамдылық танытқан командаға рақмет. Пойыз деген бөлек әлем, бөлек өмір. Меніңше, пойызбен кемінде бір рет сапарға шыққан әр адам бұл фильмнен өзіне жақын бір нәрсе табады», — деп атап өтті режиссер.
Картинаның актерлік құрамы жұлдызды деуге болады. Екінші планда көрермендер Қанат Тасханды («Жездуха»), Ерболат Алқожаны («Бақыт»), Олжас Тоғымбетті («Маған әке керек»), Қаракөз Тілеубекованы («Бөлек шығайық»), Гүлназ Жоланованы («Тараз»), Бексұлтан Пилалды («Пацанская история») және Арнұр Қабдолдаевты («Октагон») көре алады. Танымал шоумен Нұрлан Еспанов та жарқын рөлімен көзге түсті.
«Мен өзім Арыстанмын. Теміржолдың бойында өстім. Пойыздың, вагонның не екенін жақсы білемін. “Қоян” болып та талай рет мінгенмін. Сондықтан мен өзімді ойнадым десем де болады. Кино – бұл тарих. Осындай жобаға шақырып, осы фильмде ойнауға мүмкіндік бергендеріне қуаныштымын», — дейді Еспанов.
Фильм прокатқа 14 мамырда шығады. Кино кешіңіз сәтті өтсін!








Фото и видео: Станислав Климанов, Kinomania.kz
