12–18 наурыздағы кино тұсаукесерлері: «Чёрный двор в кино» және Анджелина Джолидің жаңа фильмі

Қатерлі ісікпен күресіп жүрген Анджелина Джоли; кәмелетке толмай жатып колонияға түсіп кеткен аула балалары; мұра үшін тартыста қарсыластарын жолдан ысыруға тырысқан Глен Пауэлл; махаббат хикаясында тоғысқан отандық кино жұлдыздары; Ибн Сина шәкірті туралы оқиғаның жалғасы; оңтүстіккореялық хоррор; екінші мүмкіндік жайлы америкалық драма; жұмбақ мақұлық туралы отбасылық фильм және викингтер туралы фэнтези – міне, осы жаңа туындылардың бәрі бүгіннен бастап кинотеатрларда көрсетіледі.
Аптаның тұсаукесерлері
«Кутюр» (Coutures)
Парижге Жоғары сән апталығына фильм түсіру үшін келген америкалық режиссер әйел туралы психологиялық драма. Сол жерде ол өзіне ғашық бола бастаған оператор жігітпен танысады. Алайда көп ұзамай қатерлі ісікке шалдыққанын да біледі…
Бұл – Анджелина Джолидің жеке басы үшін ауыр рөл. Өйткені оның анасы мен әжесі онкологиялық дерттен қайтыс болған, ал өзі 2013 жылы сүт безіне байланысты ауыр кезеңді бастан өткерген. Фильмнің режиссері – Алис Винокур («Проксима»), ал екінші планда Луи Гаррель («Арманшылдар») көрінеді.
Аптаның қазақстандық тұсаукесері
«Чёрный двор в кино»
Өзін көше бұзақылары санап өскен жасөспірімдер туралы көпшілікке кеңінен танылған хикаяның толықметражды жалғасы. Тағдыр басты кейіпкерлерді қайта тоғыстырады – бұл жолы олар түзету колониясының қабырғасында тағы да сынаққа тап болып, өз бақтарын тағы бір мәрте сынап көруге мәжбүр болады.
Хикаяны түсірген Диас Бертістің («Приговор») орнына режиссерлік тізгінді Данияр Болотбеков («Зомбеты») қолға алған. Ал негізгі актерлік құрамға «Слово пацана» жобасынан кейін танылған Рузиль Минекаев қосылған.
Аптаның қазақстандық тұсаукесері
«Мұрагер» (How to Make a Killing)
Бай әулет жайлы авантюралық құйтұрқы комедия. Мұрагерлердің бірі бар байлықты жалғыз иемденуді көздеп, өзге бәсекелестерін жолдан тайдыруға бел буады. Фильмнен Глен Пауэллді («Топ Ган: Мэверик»), Эд Харристі («Сана ойындары») және Маргарет Куоллиді («Субстанция») көруге болады.
«Үйлену оңай»
Қазіргі қарым-қатынастар туралы төрт хикаяны біріктірген альманах. Актерлік құрамда отандық экранның танымал жұлдыздары жиналған: Берік Айтжанов, Әсел Сағатова, Санұржан Сүлеймен, Асель Садвакасова, Рүстем Жаныаманов, Асель Калиева, Санжар Мади, Акбота-Нур Абайқызы, Тамирис Жангазинова. Фильмді режиссер-миллиардер Анвар Матжанов («Таптым-ау сені») түсірген. Көрерменді мұнда сұлулық, махаббат және драмаға толы оқиғалар күтіп тұр.
«Шипагер 2: Авиценна мұрасы» (The Physician II)
2013 жылғы көп көрерменнің ықыласына бөленген неміс хитінің жалғасы. Бұл жолы доктор Коул Англияға қоныс аударып, сол жақтан емхана ашады. Актер Том Пэйн өз рөліне қайта оралған, ал қосалқы құрамда «Тақтар таласынан» танымал көптеген жұлдыз бар. Режиссері де сол бұрынғы Филипп Штёльцль.
«Екі, үш, елес, көрін!» (Gangryeong; gwisinnoli)
Қаңырап қалған ғимаратта магиялық рәсім өткізбек болған бір топ оқушы туралы оңтүстіккореялық хоррор. Әрине, мұндай әрекет жақсылықпен аяқталмайды да, бәрі қорқынышты түс секілді сұмдыққа айналады. Бұл фильм ағайынды Филиппулардың көп шу тудырған «Екі, үш, жын, көрін!» хоррорына еш қатысы жоқ, бірақ стилі мен сюжеті жағынан соған қатты ұқсайды.
«Ол туралы естеліктер» (Reminders of Him)
Жазушы Колин Гувердің бірдей аталатын романына негізделген, көрерменнің көңілін босататын драма. Сюжет өміріндегі қайғылы оқиғадан кейін бәрін жаңадан бастауға тырысқан әйел туралы өрбиді. Басты рөлде Майка Монро («Оно следует за тобой»), ал фильмді Ванесса Касвиль («Кішкентай әйелдер») түсірген.
«Марсупилами. Үлпілдек круиз» (Marsupilami)
Бір отбасы круизге аттанып, әлемдегі барлық браконьерлер аңдып жүрген бағалы жүкті ешкімге білдірмей алып өтпек болады. Жан Рено («Леон») мен Жамель Деббуз («Астерикс пен Обеликс: Клеопатра миссиясы») ойнаған француз комедиясы. Режиссері – Филипп Лашо (Superнянь).
«Калевала: алғашқы викинг» (Kalevala: Kullervon tarina)
Құлдыққа түскеннен кейін өз туыстарын кезінде өз кланының адамдары өлтіргенін біліп, бәрінен кек алуға бел буған викинг туралы фин фэнтезиі. Қатал ерлер, шетсіз-шексіз орман, орта ғасырлар атмосферасы және семсермен шайқастар – бәрі бар.
